Мешіттер ашыла ма?: ҚМБД мәлімдеме жасады

0
1 193

Құлшылық үйлері көп адам шоғырланатын орын


Мешіттер ашыла ма?: ҚМБД мәлімдеме жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттердің қайта ашуға қатысты мәлімдеме таратты, деп хабарлайды ERNUR.KZ мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Өздеріңізге белгілі, кеше өткен мемлекеттік комиссия отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларын жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтылды. Алайда әлі де тыйым салынған орталықтардың қатарында діни нысандардың бар екендігі мәлім болды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге байланысты құзіретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс берген болатын. Өткізілген келіссөздерде ҚМДБ ұсынысы құпталуда. Мешіт толымдылығын 30 пайыздан асырмау, 1 келушіге 4 шаршы метр талабын сақтай отырып, мешіттерді кезең-кезеңімен ашу талқылануда. Алла қаласа, жуырда мешіттеріміз қайта ашылады деген үлкен үміт бар.

Әрине, Алла үйлері бос қалып, құлшылық жасауға мүмкіндік болмай жатқаны бәрімізге ауыр батуда. Мамыр айының басында, яғни елімізде эпидемиологиялық жағдай жақсара бастаған кезде ҚМДБ мешіттерді қайта ашуды қолға алған болатын. Алайда ол ұзаққа созылмады. Індеттің таралуы күшейіп, мешіт қызметіне қайтадан шектеу қойылды. Өйткені, ауру жұқтырған жандардың саны күрт өсіп кетті. Көз жұмғандар саны да аз болмады.

Ислам діні адамның өмірі мен денсаулығын әрқашан жоғары қояды. Ал мемлекетіміздің жұқпалы дертке қарсы қабылдаған барлық шарасы адам баласын аман сақтап қалуға бағытталған. Біз оны дұрыс түсінуіміз қажет.

Құлшылық үйлері көп адам шоғырланатын орын болғандықтан, ҚМДБ мешіт қызметіне уақытша шектеу қоюға мәжбүр болды. Бұл біздің елімізде ғана емес, басқа мұсылман мемлекеттерінде де осындай шешім қабылданды. Алла қаласа, бұл да уақытша шектеу. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Аз ғана төзімділік танытсақ, жамағатпен намаз оқитын күнге де жетеміз. Бұл сынақтың соңғы нәтижесі – Алланың құзырында. Сондықтан болашақтан күдер үзбей, сабырлы қалпымыздан танбай, дұға етейік" - деп жазылған мәлімдемеде.