Министрлік мұнайшылардың дауына қатысты ресми жауабын айтты

0
603

Кеше түнде Астанадағы Энергетика министрлігінен жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп жиналған 150-ге жуық мұнайшылар бейнеүндеу жолдады.


Министрлік мұнайшылардың дауына қатысты ресми жауабын айтты

ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрлігі «БерАли Маңғыстау Company» бұрынғы жұмыскерлерінің талаптарына қатысты түсініктеме берді, деп жазады baq.kz.

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, «БерАли Маңғыстау Company» «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін мұнай сервистік жұмыстарды орындауға арналған тендерден бұдан бұрын ұтылған.

Осыған байланысты Компанияның бұрынғы жұмыскерлеріне 2023 жылғы 1 сәуірден бастап еңбек жағдайлары мен әлеуметтік пакеті сақталған және орташа жалақысы 700 мың теңгені құрайтын басқа компанияларға («Кезби» ЖШС және «Ai-Bis» ЖШС) жұмысқа орналасу ұсынылды. Бірақ бұрынғы жұмыскерлер одан бас тартып, «Өзенмұнайгаз» АҚ штатына жұмысқа орналасқысы келеді, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

ҚР Энергетика министрлігі бұл мәселе еңбек заңнамасы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қағидарын ескере отырып, заңнамалық негізде шешілуі тиіс деп санайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше түнде Астанадағы Энергетика министрлігінен жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп жиналған 150-ге жуық мұнайшылар бейнеүндеу жолдады. Маңғыстаулықтардың алдына шыққан «Қазмұнайгаз» өкілдері мұнайшылардың арыз-шағымын тыңдап, келіссөз жүргізілетінін айтты. Өз кезегінде мұнайшылар бұл комиссия құрамына Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және «Қазмұнайгаз» өкілдерін қосуды талап етті.

Осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пікір білдіріп, Жаңаөзеннен келген мұнайшылардың мәселесі қалай шешілетінін айтты.

Ал Үкімет кулуарында осы мәселе жөнінде сөз қозғаған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талаптары шашыраңқы болғанын атап өтті.

Бүгін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді. Олардың сөзінше, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет.

Бұл дауға қатысты Энергетика министрлігі де ресми жауабын берді. Ведомство бұл мәселе еңбек заңнамасы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қағидарын ескере отырып, заңнамалық негізде шешілуі тиіс деп санайды.