Министрлік журналистердің кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашанда дайын - Министр

0
669

Аида Балаева Бекболат Тілеухан мен журналист арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді.


Министрлік журналистердің кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашанда дайын - Министр

ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Аида Балаева мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан мен журналист Айнұр Қоскина арасындағы оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы министр Facebook парақшасында жазды.

"Бүгін Парламент ғимаратында журналист А.Коскина мен сұхбат беруші Б. Тілеухан арасында орын алған оқиға журналистика кәсібінің ерекше қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ерекше мамандық екендігін кезекті рет дәлелдеді. Әрине, сұхбат берушінің журналистке қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын (әсіресе журналистің әйел баласы екенін ескерсек). Мәдениетті қарым-қатынас этикасы кез-келген сұхбат барысында сақталуы тиіс.
Десе де, мәселенің екінші жағы да бар: ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Адамның жеке өмірі құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері. Қалай болғанда да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашанда дайын", - деп жазады министр.

Айта кетейік, 29 желтоқсанда мәжілісте журналист Айнұр Коскина депутат Бекболат Тілеуханға оның көп әйел алуға қатысты ойын сұраған. Депутат өзінің бірнеше әйелі бар екенін айтып, оны ешқашан жасырмағанын жеткізеді. Содан кейін журналист Қазақстанда көп әйел алуға тыйым салатын заңды қабылдаған депутат-әріптестері бұған қалай қарайтынын сұрайды. Ол әріптестерінің қалай қарайтынын білмейтінін айтып, лифтке кіргенде журналист те оның артынан кірмек болады. Журналистің сөзінше, экс-депутат оны басынан ұрып, монопод штативін сындырған. Кейін журналист полиция шақырған.