Министрлікке қалай жұмысқа тұруға болады: Омаров жас маманға жауап берді

0
1 205

Министр мемлекеттік органға арнайы конкурстар арқылы жұмысқа орналасуға болатынын айтты.


Министрлікке қалай жұмысқа тұруға болады: Омаров жас маманға жауап берді

ERNUR.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров орталық аппаратқа жас мамандарды қалай тартатынын айтып берді, деп жазады sputniknews.kz.

Бүгін министрдің есеп беру кездесуі кезінде Қазақ агротехникалық университетінің магистрі министрлікке қалай жұмысқа тұруға болатынын сұрады.

"Барлық магистрдің атынан сізге бір сұрақ қояйын деп едім. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қалай жұмысқа тұруға болады? Кандидаттар үшін қандай талаптар қойылады?", - деп сұрады жас маман.

Министрдің айтуынша, аталған мемлекеттік органға жалпыға бірдей тәртіппен жұмысқа орналасуға болады. Ол үшін арнайы конкурстар ұйымдастырылады.

"Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі барлық бос орын ашық жарияланады. Кез келген адам өтініш беріп, конкурсқа қатыса алады. Жаңылмасам, бүгінде орталық аппаратта жұмыс істейтін 90 адам – жас маман. Алдағы уақытта біз ұжымға жас мамандарды көптеп тартуды көздейміз", - деді Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде министрлікте бұрыннан бері жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар көп.

"Олар үшін жеке-дара істейтін кез келді. Мәселен, министрліктің облыстық құрылымдарына баруға болады. Ал босаған орындарға жас мамандарды жұмысқа аламыз", - деп атап көрсетті Омаров.

Естеріңізге сала кетейік, 12 маусымда Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың президенттік кадрлық резерві жасақталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, елде "Жастар – ел тірегі" атты арнайы жоба іске қосылған. Сондай-ақ жастардың бизнес бастамаларын іске асыруға арналған "Жас кәсіпкер" бағдарламасы қолға алыныпты. Ал алдағы уақытта жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламалары енгізілмек.