Мойынқұмға ұшақ қатынайды

0
1 320

Өңірде шағын авиацияны дамыту қарастырылып отыр.


Мойынқұмға ұшақ қатынайды

ERNUR.KZ. Мойынқұм – Жамбыл облысының ең шалғай аудандарының бірі. Жолдың ұзақтығы өз алдына, талай жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар да тұрғындардың Мойынқұм мен Тараз арасына қатынауына ыңғайсыз болып келген еді. Енді сол олқылықтың орны толғалы отыр. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен, Тараз бен Мойынқұм арасында әуе тасымалы іске қосылатын болды, деп жазады egemen.kz.

«Өңірде шағын авиацияны дамыту қарасты­рылып отыр. Бүгінгі таңда облысымыздың орталығынан Мойынқұм және Төле би ауылдарына әуе бағыттарын ашу мүмкіндіктерін зерделеу, соның ішінде қажеттілікті анықтау, әуеайлақ салуға кететін шығын көлемін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде», - дейді Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Айта кетейік, Мойынқұм ауылынан Тараз қаласына бір кездері, яғни 1966-1990 жылдар аралығында күнделікті 2 рет «АН-2» және «ЯК-40» ұшақтарымен әуе тасымалы қызметі көрсетілген. Алайда кезіндегі еліміздегі қаржылық қиындықтарға байланысты аталған әуе бағыттары жұмысын тоқтатқан еді. Алдағы уақытта бұл бастама қайта жанданып, көптің тілегі орындалатын да күн алыс емес. Әуе тасымалы іске қосылған жағдайда екі арадағы автокөлікпен жүретін 4-5 сағаттық жол қысқарып, 1-1,5 сағатта Мойынқұмға жетуге мүмкіндік туады деп күтілуде. Бүгінгі таңда ауданда әуеайлақ салу үшін арнайы жер де белгіленген.