Мүфтият Рамазан айының қашан басталатынын айтты

0
1 940

Биыл Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні.


Мүфтият Рамазан айының қашан басталатынын айтты

ERNUR.KZ. Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті, деп жазады muftyat.kz.

Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлының айтуынша, биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады.

"Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні", - деді Құрбанұлы.


Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағаттың ыңғайына қарай онлайн дәрістер мен Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыру қажеттігін жеткізді. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу шаралары да қолға алынады.


"Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын", - деді жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.


Айта кетейік, мәжілісте пітір садақаның мөлшері де бекітілді. Биыл оның көлемі 420 теңге болады.