Мүгедек жандардың зейнетке шығу жасын төмендету қажет – Мәжіліс депутаты

0
449

Елімізде жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі - ІІІ топтағы мүгедектер.


Мүгедек жандардың зейнетке шығу жасын төмендету қажет – Мәжіліс депутаты

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов Үкіметке мүмкіндігі шектеулі жандардың зейнет жасын төмендетуді ұсынды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Депутат келтірген деректерге сүйенсек, елімізде мүгедектігі бар 600 мыңнан астам адамның (ересек) арасында жұмыс істейтіндер саны 85 472 адамды құрайды екен.

«Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі үшінші топтағы мүгедектер, олардың саны - 62 012 адам, екінші топтағы мүгедектер (18 467 адам) және бірінші топтағы мүгедектер (2 393 адам) одан да аз. Олардың ішінде ерлер - 51 744, әйелдер - 33 750», - деді депутат.

Десе де, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін зейнеткерлік жасын төмендету мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осыған орай бір топ Мәжіліс депутаты Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа ұсыныстарын айтты.

«Үкімет мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы жасын төмендетуді; Жауапты ведомстволар мүгедек адамдардың зейнетке шығу жасын төмендетудің нақты өлшемдерін әзірлеуін; сондай-ақ мүгедек адамдардың мүдделеріне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін құрастыруды; Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросы мүгедек адамдар туралы статистикалық деректерді айқындауын; Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі – мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемалары, оның ішінде әртүрлі факторлардың әсері туралы қажетті ғылыми зерттеулер жоспарын әзірлеуін сұраймыз», - деді Ерлан Смайылов.