Мұғалімдер бес күндік жұмыс аптасына қашан көшетіні белгілі болды

0
1 246

​Вице-министр мұғалімдерді мазалап отырған мәселенің қашан шешілетінін айтты.


Мұғалімдер бес күндік жұмыс аптасына қашан көшетіні белгілі болды

ERNUR.KZ. Қазақстандағы мектептерді бес күндік оқу аптасына көшіру мәселесі жыл соңына дейін шешіледі. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Қазір мұғалімдер қауымын мазалап отырған үлкен мәселе – бұл бес күндік жұмыс аптасы. БАҚ беттерінен Асхат Қанатұлының (министр Аймағамбетов – Sputnik) бұған қатысты айтқанын оқыдыңыздар. Әр мектеп педагогтар кеңесінде бұл мәселені талқылап, өздерінің типтік оқу жоспарларына қарай бес күндік оқу аптасына көше алады. Білім және ғылым министрлігі мектептерге осыны ұсынып отыр", - деді вице-министр елордада өткен тамыз конференциясында.
Айтуынша, егер мектеп бес күндік оқу аптасына ауысса, мұғалім сенбі күнді өз қалауына қарай өткізуге құқылы.
"Мұғалімдер ол күнді үйде, балаларының қасында өткізе алады. Бірақ, мектеп әкімшілігі айына бір рет педагогикалық кеңесті шақырып, не болмаса тағы басқа шаралар ұйымдастыруы мүмкін. Сондықтан бес күндік жұмыс аптасына қатысты мәселе биыл түпкілікті шешіледі деген ойдамыз", - деді Жақыпова.
Айта кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен тамыз конференциясында білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептерге бес күндік оқу аптасына көшуді ұсынған болатын. Қазір кейбір өңірлерде мұғалімдер аптасына бес күн ғана істейді. Бірақ, сенбі күні де мектепке шақырылатын көрінеді.