Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтеріледі

0
2 461

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеруді тапсырған болатын.


Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтеріледі

ERNUR.KZ. 2022 жылдан бастап қазақстандық мұғалімдер мен дәрігерлердің қалтасы қалыңдайды, деп жазады sputnik.kz.

Енді мұғалімдер қанша алады

2022 жылдан бастап балабақша, мектеп пен колледж педагогтарының жалақысы тағы 25%-ке көтеріледі.

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеруді тапсырды. Содан бері ұстаздардың еңбекақысы жыл сайын 25 процентке өсіп келеді. 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 100%-ке жетіп, мұғалімдердің табысы екі есеге артады.

Айта кетері, қазір мұғалімдерге жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы төленеді. Бұдан бөлек, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50%-ке дейін ұлғайды. Дәптер тексергені және сыныпқа жетекшілік еткені үшін үстемеақы екі есе артты.

Дәрігерлердің айлығы қалай өседі

2023 жылға дейін медицина қызметкерлерінің еңбекақысы да екі есеге артады. Бұл президент жолдауында айтылған тапсырма аясында жүзеге аспақ.

2022 жылы дәрігерлердің жалақысын көтеруге бюджеттен 361 миллиард теңге бөлінеді.

2021 жылдың 1 қаңтарынан 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы 20-30%-ке өскен. Нәтижесінде дәрігерлер 319,9 мың теңге, орта медицина қызметкерлері 173,5 мың теңге ала бастады.

Вице-премьер Ералы Тоғжановтың айтуынша, 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысын орташа жалақыға қатысты 2,5 есеге дейін (561 мың теңгеге дейін) ұлғайту жоспарланып отыр.

Осы мақсатқа бюджеттен 2021 жылға – 222,3 миллиард теңге, 2022 жылға – 361,7 миллиард теңге, 2023 жылы 557,4 миллиард теңге көзделген.