Мұғалімдер мен оқушылар террористік қауіпке қарсы арнайы оқудан өтетін болды

0
482

Министр Үкімет басшысынан осы мақсатта бюджеттен қаражат бөлуді сұрады.


Мұғалімдер мен оқушылар террористік қауіпке қарсы арнайы оқудан өтетін болды

ERNUR.KZ. Қазақстанда төтенше жағдайлар мен террористік қауіп кезінде оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмі жаппай енгізілгелі жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

«Балалардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін келесі шараларды қабылдау қажет: алдымен психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту үшін бірыңғай талаптарды енгізу керек. Одан бөлек тәрбие жұмысы бағыты бойынша мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізген жөн. Жалпы тәрбие жұмысының құндылыққа бағытталған компонентін күшейткен абзал», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министр білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен, лицензияланған күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел басқару орталықтарына шығарумен 100% жабдықтау мәселесін көтерді. Сонымен қатар педагогикалық қызметкерлер мен оқушыларды төтенше жағдайлар, террористік қауіп кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша оқытуды ұйымдастырылатынын айтты.

«Білім беру ұйымдарында штаттан тыс жағдайлар бойынша жыл сайынғы оқу-жаттығулар өткізіп, төтенше жағдайлар, террористік қауіп кезінде оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмін жаппай енгізуді жөн деп санаймыз», – деді ол.

Сөз соңында министр Үкімет басшысынан осы мақсатта бюджеттен қаражат бөлуді сұрады.