ERNUR.KZ. "Мұғалімдерден қарыз алып, жалақыларын жеке пайдасына жаратқан" деген сөзге қалған мектеп директорының басы дауға қалды.
иллюстрациялық фото: twitter.com
ERNUR.KZ. "Мұғалімдерден қарыз алып, жалақыларын жеке пайдасына жаратқан" деген сөзге қалған мектеп директорының басы дауға қалды.
Келіншек қол астындағы қызметкерлерінен қарызға ақша алып, оны қайтаруды сұрағандарға жұмыстан шығарамын деп сес көрсеткен. Қарағанды облысындағы Аққой ауылындағы жиырма ұстаз осылай деп, телеарнаға жанайқайларын жеткізді. Білім ордасына жиналған педагогтар бір пәтуаға келмей, директордың жақтастарымен жұдырықтасуға дейін барды.
Оқушыларды жазғы демалысқа жібере сала, бір-бірімен жаға жыртысқан мектеп қызметкерлері: бір тарап - қарызға белшесінен батырып қана қоймай, өзіне доқ көрсеткен директорына қарсы дау шығарса, енді біреулері мектеп басшысына шаң жуытпай әлек.
Директор Жанар Жаманадинаның жамандығын көріп, жастыққа бастары тимеген жас мамандар басшысының бар былығын жайып салды.
«Сені жұмысқа алу үшін вахтердың орнына, маған бес айлық жалақыңды беріп отырасың деді. Мен оны алмаймын. Сосын бес айлықты ол кісіге апарып жүрдім. Карточкама түседі ақша, 27 мыңды ол кісіге апарамын», - дейді Аққой ауылындағы жалпы білім беру мектебінің қызметкері Жанна Зұлпыхараева.
Мектеп ішінен ашылған шағын балабақша қызметкерлерінің өзі директордан әбден зәрезап болған. Балаларға арналған ас-суды жеткізуші мердігер компанияға ақша төлеуден бас тартқан басшы қаражатты төлеуге бөбекжай мамандарын міндеттеген.
«Әрине, бізге қысым көрсетеді! «Мен сендерге осы балабақшаны ашып бердім, мен қысқартам, мен жабам, мен шығарам» деп бізге қыспақ көрсетіп, айқайлайды», - дейді Аққой ауылындағы балабақша қызметкері Базархан Нұржан.
Шындық іздеп шырылдап жүргендердің бірі – Дәулеткерей Кәбей. Ол осы мектепте 15 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан әйелінің құқығын қорғап келген.
«Бір жарым жыл болды, осы жаңа директор келгелі әйелім қысым көріп жүр. Басында білмедік ол кісінің алаяқ екенін. 60 мың теңге қарызға ақша алып, қайтармады. Әне берем, міне берем деп жүрді, қарызды сұраса «жұмыстан шығарамын, айлығыңды қысқартамын», деп қорқытқан», - дейді Аққой ауылының тұрғыны Дәулеткерей Кәбей.
Мектеп қызметкерлері директордың былығын айтып аудандық білім бөліміне талай барса да, арыздары аяқасты болады екен.
Директорға шын жаны ашыған жан ба, әлде басы бәлеге қалған басшының туысыма кім білсін, жанжалға ауылдағы кейуаналардың бірі де килігіп, мұғалімдердің өздерін кінәлады.
Ал жанжалға себепкер болған Жанар Жаманадинаның ауруханада жатқанын білдік. Дереу телефон нөмірін тауып, директорды сөзге тарттық. Білім ордасына басшылық еткеніне көп бола қоймаған келіншек, қол астындағы қызметкерлерінің кесірінен денсаулығы күрт нашарлап, аурухана төсегіне таңылғанын жайып салды.
«Менің тарапыма келіп түскен арыз-шағымдар бойынша, бұл барлығы жалған мәліметтер. Бұл мәліметтер заң аясында шешілуі керек. Бұл ауыл тұрғындарына мектеп мұғалімдері тарапынан түсіп жатқан арыздарды тоқтату керек деп есептеймін. 1,5 жылдың ішінде бұл денсаулығыма әсер етіп, қазіргі таңда ауруханада жатырмын. Денсаулығыма қатты әсер етті осы жағдайлардың барлығы. Өзімнің мектебімнің мұғалімдері ғой деп бәріне көз жұма қараған едім. Енді ауруханадан шыққан бойда, заң орындарына жүгінемін деп шешім қабылдап отырмын» - дейді Аққой ауылындағы жалпы білім беру мектебінің директоры Жанар Жаманадина.
Ал Шет ауданының білім бөлімінің басшысының сөзінше, істің ақ-қарасы анықталу үстінде.
Дереккөз: Еуразия бірінші арнасы