Мырзатай Жолдасбеков ШҚО әкімі Ахметовтің кезінде айтқан сөзін сынға алды

0
1 497

"Байқап отырсыздар ғой, негізі халықты алаңдататын, кейде үрейін тудыратын мәселелер бар" - дейді қоғам қайраткері.


Мырзатай Жолдасбеков ШҚО әкімі Ахметовтің кезінде айтқан сөзін сынға алды

ERNUR.KZ. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков кезінде Үкіметті басқарған қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің "Қазақстанда келешегі жоқ 703 ауыл бар" деп айтқан сөзін адамды қорқытатын, сананы тіліп түсетін әрі "ұлтқа ауыр тиетін сөз" деп сынға алды, деп жазады baq.kz.

"Байқап отырсыздар ғой, негізі халықты алаңдататын, кейде үрейін тудыратын мәселелер бар. Жақында маған Қостанайдан бір жақсы азамат бар еді, досым, сол маған қоңырау шалып, бір нәрсені айтты. Кезінде Даниал Ахметов, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі – сол інім Қазақстан Үкіметін басқарып отырған кезінде сөз сөйлеп, бір баяндамасында "Қазақстанда келешегі жоқ 703 ауыл бар" депті. Мен кезінде мән бермей қалыппын. Қостанай өңірінде абыройлы, аудан басқарған досымның есінде қалыпты осы айтылған сөз. Жалпы, бұл – алаңдататын дүние", - дейді мемлекет қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков республикалық үгіт-насихат Штабының бүгінгі отырысында.
Қоғам қайраткері кезінде шекарада тұрған аудандардың барлығы қаңырап бос қалғанын, дегенмен қазіргі таңда шекаралас аймақтардағы елді-мекендерге көңіл бөліне бастағанын айтып өтті.
703 ауылдың келешегі жоқ деген адамды қорқытатын сөз екен деп ойладым. Айдалада қалған, шетте, тысқары қалған ауылдар бар. Қатынасуы да қиын. Меніңше, облыс басшылары осындай ауылдарға мән беру керек. Ел өзінің отырған жерінде тұрақтанса, мемлекетте де тұрақтылық болады, - деген пікірін білдірді ғалым.
Бұл орайда қоғам белсендісі әрі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жанынан құрылған штабтың төрайымы Ырза Тұрсынзада бұл ұғымның бүгін пайда болмағанын тілге тиек етті.
"Бұл бүгін пайда болған ұғым емес. Бұл ұғымды қазақтың санасына 70 жыл бойы күні-түні санасына сіңіріп келді. Тілі жоқ, ділі жоқ, мәдениеті жоқ, тарихы жоқ, енді міне болашағы жоқ деген сөз келді. Бұл сөздің төркіні қайдан шыққаны бәрімізге мәлім. Енді осы сөздің төркініне төтеп беретін осы отырған орта – бізбіз. Мұндай орта Үкіметтің қарамағындағы әрбір ұжымда бар шығар. Бірақ, дәл біздің штаб ешбір төлемақысыз, ұлтым деп, елім деп, жанашып, шырылдап жүрген азаматтардың басы біріккен орта болып отыр", - деп өз сөзін түйіндеді Ырза Тұрсынзада.