Алматы облысының Нарынқол ауылында жол апатынан зардап шеккен балалардың жағдайы белгілі болды.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«21 қыркүйек күні болған оқиға салдарынан ауыр жарақат алған оқушылар алдымен, Нарынқолдағы аудандық ауруханаға жеткізілді. Облыстағы дәрігерлер шұғыл түрде консилиум өткізіп, нақты емдеу шараларын жүргізіп, балалардың хәлі бір қалыпқа келгеннен кейін облыстық ауруханаға ауыстырды», – деді Лейла Серікбаева.
Спикердің сөзінше, бүгінде облыстық аурханада бес бала жатыр. Оның біреуі жансақтау бөлімінде, төртеуі травмотология бөлімшесінде ем қабылдауда. Қазіргі таңда науқастардың беті бері қараған.
«Балалардың алған жарақаты ауыр болды. Аяқ-қол сүйектері сынған. Аудандық аурухана дәрігерлерінің арқасында алғашқы көмек көрсетіліп, науқастар біртіндеп облыстық ауруханаға жеткізілді. Ота жасалып, сүйектері қалпына келтірілді. Емдеу шаралары толықтай жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта, аман-сау үйлеріне шығарылады деген үміттеміз», –дейді Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының директор орынбасары Асқар Қалиев.
Еске салайық 21 қыркүйек күні Алматы облысының Нарынқол ауылында «Subaru» көлігін тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім 6 оқушыны қағып кеткен болатын. Бір бала медициналық тексеруден өткеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Белгілі болғандай жасөспірім ағасының көлігін рұқсатсыз айдап әкетіп, дүкенге бармақ болған.