Наурыздағы ҰБТ-да 80-нен астам заңбұзушылық тіркелді

0
556

Екі апта ішінде 59 мың талапкер тест тапсырды.


Наурыздағы ҰБТ-да 80-нен астам заңбұзушылық тіркелді

ERNUR.KZ. Наурыздағы ҰБТ басталғаннан бері 59 мыңнан астам адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 71,49%-ы қазақ тілінде, 29,39%-ы орыс тілінде, 70 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігінен хабарлағандай, ҰБТ басталғалы шекті балды 69,26% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 65,08 балды құрады. Ең жоғары балл – 137.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» 17,38% және «Биология-Химия» комбинациясын 15,91%-дан тапсырды. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 11,75% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 76 адам тапсырған.

«Бүгінгі таңда 81 ережебұзушылық анықталған. Оның ішінде 50 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 31 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ», - делінген хабарламада.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптада 148 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады