​Назарбаев қытайлық кәсіпкерлерді Қазақстанға инвестиция салуға шақырды

0
1 058

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалғанын мәлім етті.


​Назарбаев қытайлық кәсіпкерлерді Қазақстанға инвестиция салуға шақырды

ERNUR.KZ. Астанада Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу - бір жол» идеясының бесжылдығына арналған Қазақстан-Қытай бизнес форумындағы видеоүндеуінде қытайлық кәсіпкерлерді қазақ еліне инвестиция салуға шақырды, деп жазады Baq.kz.

«Жүктер Еуропадан Қазақстан арқылы Қытайға шамамен 15 күнде жеткізіледі. Ал жүктерді теңіз арқылы жеткізу 4 аптадан 6 аптаға дейін уақытты алар еді. Осы орайда логистика мен ілеспе маршруттар жетілдіруде. Тіпті, индустрия мен инвестиция саласында біріккен ынтымақтастық туралы бағдарлама бар. Оның аясында жалпы соммасы 27 млрд АҚШ долларын құрайтын 51 Қазақстан-Қытай инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл инвесторлардың сенімі мен Қазақстанның инвестициялық климатты жақсартуға баса мән беретінін көрсетеді», - деді ол бизнес форумда.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалғанын мәлім етті.

«Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, біз бизнесті жүргізу бойынша өңірдегі үздік елдердің қатарындамыз. Қазақстан ДСҰ-ның, әрі ЭЫДҰ-ның Инвестициялар жөніндегі комитеттің мүшесі және еліміз халықаралық инвестициялар декларациясына қосылды. Сонымен қатар Қазақстан президенті жанында шетелдік инвестициялар кеңесі жұмыс істейді. Мұнда қытайлық CNPC компаниясының маңызы зор», - деді президент.

Сонымен қатар ол қазақ елінде жекешелендіру белсенді жүргізіліп жатқанын алға тартты.

«Қазақстан мемлекеттік кәсіпорындарды кеңінен жекелешелендіру науқанын жүргізуде. Тау-кен, металлургия өнеркәсібінде, мұнай-газ, транспорт, байланыс және басқада салалардағы компаниялардың ірі акциялары сатылымға шығарылды. Сонымен қатар жекешелендіруден басқа біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде байланыстарды жүзеге асырамыз. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, құрылыс, автомобиль, теміржол және басқа салалардағы жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Қазақстан президенті.

Сөз соңында Елбасы биыл өз жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығына тоқталды.

«Болашағы бар, өзара тиімді бизнес жүргізудің тағы бір жолы - «ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы. Ол Нью-Йорк, Сингапур, Лондон, Дубайдағы қаржы орталықтарының принципі бойынша жұмыс істейді», - деп түйіндеді сөзін президент.