Назарбаев пәтер ұтысына қатыса ма – елорда әкімі жауап берді

0
715

​Қала басшысы коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған адамдарды екпе алуға үндеді. Соның арқасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға болады.


Назарбаев пәтер ұтысына қатыса ма – елорда әкімі жауап берді

ERNUR.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев вакцина салдырғандар арасында өтетін пәтер ұтысына қатыса ма деген сұраққа жауап берді, деп жазады sputnik.kz.

Қала басшысының айтуынша, пәтер ұтысына вакцина алған барлық адам қатысады.

"Конкурс жайында айтар болсақ, біз оны вакцина алған барлық адамның арасында жарияладық. Сол себепті вакцина салдырмағандардың бәрін екпе алуға шақырамыз", - деп атап өтті Көлгінов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте

"Елбасы өз денсаулығыңды ғана емес, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін вакцина салдыру қажеттігін көрсетті. Сондықтан Елбасыдан үлгі алайық", - деп толықтырды қала басшысы.

Осы орайда әкім дәрігер мамандардың сөзін еске алды. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда екі-ақ жол бар. Біріншіден, екпе алмаған адам бәрібір вирусты жұқтырады. Сол кезде біраз дәрі ішуге тура келеді. Артынан бауыр, бүйрек және тағы басқа органдарды емдеп, оңалтудан өту керек. Ал екінші жол – ол вакцина. Екпе алған адам өзін де, өзге адамдарды да қорғайды.

Пәтер қалай ойнатылады

24 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов вакцинаны жаңадан салдырғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатылатынын мәлімдеді. Ертесінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылған "Спутник V" вакцинасының бірінші компонентін алғаны туралы ақпарат тарады.

Ұтысқа 2021 жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында екпенің бірінші компонентін алған қала тұрғындары қатыса алады. Ал қыркүйек айының басында конкурстың нәтижесі жарияланады.

Ал "MEGA Silk Way" сауда орталығы вакцина салдырғандар арасында автокөлік ұтысын өткізетінін хабарлаған. Бірақ екпені осы орталықта орналасқан егу пунктінде қабылдау қажет.