Назарбаеваның орынбасары түскі асқа асыққан депутаттарға ұрсып тастады

0
708

Сенатта өткен парламенттік тыңдауда республиканың агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері талқыланды.


Назарбаеваның орынбасары түскі асқа асыққан депутаттарға ұрсып тастады

ERNUR.KZ. Парламенттік тыңдауға өңірлерден келген агрономдарды тыңдаудың орнына түскі асқа асыққан депутаттар сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаровтан сөз естіді, деп жазады sputniknews.kz.

Бүгін сенатта агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы парламенттік тыңдау өтті. Сағат 10.00-ге жоспарланған жиын 10.30-да бір-ақ басталды. Парламенттік тыңдауға депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, облыстардан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де келіп, мұң-мұқтажын жеткізді.

Сағат тілі түскі бірден асқанда, кей депутаттардың қарны ашқан болуы керек, сұрақ-жауапты тоқтатып, жиынды аяқтауға асықты.

Әріптестерінің бұл әрекеті Бектас Бекназаровқа ұнамай қалды.

"Бүкіл қаңтар, ақпан бойы ауыл шаруашылығына байланысты қаншама маңызды мәселе көтерілді. Енді соның қорытындысы бүгін шығайын деп отыр. Қаншама адамды шақырып отырмыз. Әрі кетсе тағы бір-екі сағат отырармыз. Келген кісілерді тыңдайық. Қайда асығамыз? Екі ай атқарылған жұмыстың нәтижесін бүгін шығару үшін кешке дейін отырсақ та болады. Бұл мәселені түбіне дейін жеткізейік. Асығудың қажеті жоқ қазір. Әзер болса, түскі асты ішпей, кешкі тамақты бір-ақ ішерміз. Онда тұрған ештеңе жоқ, - деп ашуланды сенатор.

Парламенттік тыңдауға сенат спикері Дариға Назарбаева да қатысып, сөз сөйледі. Сенат төрағасы ауыл шаруашылығын жүйесіз реформалаудың салдарынан тұтас ауылдар құрып жатқанын ашық айтты.