Несие пайызы арзандауы мүмкін: Заңгер Ұлттық банкті сотқа берді

0
862

Соттарда қаралатын барлық азаматтық істің 40 проценттен астамы - банктерге қатысты дау.


Несие пайызы арзандауы мүмкін: Заңгер Ұлттық банкті сотқа берді

ERNUR.KZ. Соттарда қаралатын барлық азаматтық істің 40 проценттен астамы - банктерге қатысты дау. Бұл - өте жоғары көрсеткіш. Жыл сайын олардың саны артпаса кемитін түрі жоқ. Бұл туралы 16 қарашада Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.

Ол бұл мәселені банктер өз тұтынушысына несие алудағы қауіп-қатер тәуекелдерін дұрыстап түсіндіріп, оны құжат түрінде көрсету арқылы шешуге болатынын айтты.

Ал мен осы банктер маңайындағы дауды азайтудың басқа жолдарын ұсынамын.

Біріншіден, Ресейдегі сияқты қарыз алушы мен банктердің барлық құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі сипатталған "Тұтынушылық несие туралы" заң қабылдау қажет. Әрине, заң азаматтарды қорғауға бағытталуы керек. Міне, осындай заң көптеген қауіп пен тәуекелдердің алдын алуы мүмкін.

Екіншіден, несиенің пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің шекті көлемін шұғыл төмендету қажет.

ҚР Ұлттық банк басқармасы 2012 жылғы 24 желтоқсанда "Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемелер лимитін бекіту туралы" № 377 қаулысын қабылдады, онда ең жоғары пайыздық мөлшерлеме 56% деп көрсетілген.

Бірақ Ұлттық банк шекті мөлшерлеменің есебін есептеп көрсетпеген.

ҚР Азаматтық кодексінің 718-бабының 2-тармағына сәйкес, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғары мөлшері Қазақстан Республикасының белгілі бір заңнамаларында белгіленген тәртіппен есептеледі. Осы норманы бұза отырып, Ұлттық банк ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі көлемінің есебін жүргізбеген, бірақ 56% деген негізсіз мөлшерлемені аспаннан алып, бекіте салған.

Қаулыда 56% сыйақы ставкасының қалай құрылғанын, қайдан алынғанын көрсететін бір де бір мәлімет жоқ.

Тіпті, Ұлттық банк осы ставканы есептеп шығарған деп болжасақ та, ол жыл сайын өзгеріп отыруы тиіс емес пе? Өйткені ел экономикасының және әлеуметтік көрсеткіштері үнемі өзгеріп отырады. Енді 7 жыл ішінде ставка өзгермеуі мүмкін емес қой!

Тарифтің есептелмегендігінің тағы бір дәлелі - Ұлттық банктің қарарында бұл мөлшерлеменің БЕКІТІЛДІ деп көрсетілуі, ал заңға сәйкес оны Анықтау керек. Бұл әрекеттердің айырмашылығын атап өтер болсақ, әдетте, бір нәрсе туралы біреу шешім шығарса, ол бекітіледі, ал "анықтау" - белгілі бір есептеуді білдіреді.

Жақында мен Ұлттық банктің үстінен сотқа шағым түсірдім. Сот Ұлттық банктің ең жоғары пайыздық мөлшерлеменің есебін жасасын деп үкім шығаруы үшін. Меніңше, сот ол шағымымды қанағаттандыруы тиіс. Міне, сол кезде несиенің пайыздық ставкасы қазіргідей 56% емес, 25-30% аралығында болып қалады.

Сондай-ақ ҚР Парламентіне "Тұтынушылық несие туралы" заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс түсірдім.

Жангелді Сүлейменов, заңгер, "Қазақстандық бизнес заңгерлері" республикалық қауымдастығының президенті.