Нобель сыйлығына балама ретіндегі Азия жазушыларының халықаралық сыйлығы тағайындалуы мүмкін

0
1 176

Азия құрлығындағы 44 мемлекеттің жазушылары форумға шақырылған.


Нобель сыйлығына балама ретіндегі Азия жазушыларының халықаралық сыйлығы тағайындалуы мүмкін

ERNUR.KZ. Алдағы 4-6 қыркүйек күндері бас шаһарда Азия елдері қаламгерлерінің I форумы өтеді. Соған байланысты Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек және форумға арнайы қонақ болып келіп отырған Әзербайжан Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі жазушы, драматург Анар Рзаев қатысты, деп жазады Елорда Инфо.

Баспасөз жиынында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтулы шараның маңызына тоқталды.

«Форумға Азия құрлығында орналасқан елдердің қаламгерлері шақырылды. Оның арасында Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары бар. Ауқымды шараның негізгі мақсаты –Азия әдебиетінің болашағына қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешу», деді ол.

Баспасөз мәслихатында Азия елдерінің қаламгерлерінің форумын үш жылда бір рет дәстүрлі өткізу туралы да сөз болды. Сондай-ақ Азия елдерінің форумын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі халықаралық комитет құру туралы ұсыныс ортаға салынады.

«Комитеттің штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасу мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар форумға қатысушылар атынан Азия қаламгерлерінің ортақ бірлестігін құру және Нобель сыйлығына балама ретінде Азия ақын-жазушыларына «Азия» атты халықаралық сыйлық тағайындау ұсынылады. Және де қаламгерлердің халықаралық кітап жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысуға ықпал жасау мақсатында келіссөз жүргізіледі, - деді вице-министр.