Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы ұшақта жолаушы көз жұмды

0
2 017

Оқиға он күн бұрын, 17 сәуірде болды.


Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы ұшақта жолаушы көз жұмды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы ұшақта жолаушы көз жұмды. Бұл туралы FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.

Оқиға он күн бұрын, 17 сәуірде болды. Нұр-Сұлтаннан Шымкентке бет алған КС7327 рейсінде жолаушы өзін нашар сезінген. Оның тынысы тарылған. Бортсеріктер ұшу қауіпсіздігі ережесіне сәйкес борттағы жолаушылар арасынан дәрігер іздеген.

"Жолаушылар арасында болған медициналық қызметкерлер қол ұшын беруге дайын болды. Науқас жолаушыны тексеру кезінде оның жүрегіне жуырда ота жасалғаны анықталды. Дәрігерлер лезде жақын маңдағы әуежайға қонуға кеңес берген", – делінген FlyArystan компаниясы.

Ұшақ дереу Нұр-Сұлтан әуежайына қайтып оралды. Жедел жәрдем бригадасы жолаушыны тексеру үшін ұшақ бортына көтерілген.

"Дәрігерлер жолаушының тамырын тексерді, алайда электрокардиограмма жүректің тоқтап қалғанын көрсетті", – деді әуе компаниясының баспасөз қызметіндегілер.

FlyArystan әуе компаниясы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады.