Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 14 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

0
683

Қала басшысы індетке шалдыққандардың дені отызға толмаған жастар екенін атап өтті. Ол тұрғындарды қауіпті вирустан сақтануға шақырды.


Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 14 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында вирус жұқтырған он төрт адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Қазіргі уақытта бізде 14 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Сегізі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін бар күш-жігерін салуда", - деді Көлгінов онлайн брифингте.

Айтуынша, елордада коронавирус жұқтырған 1 686 науқас тіркелген, олардың 51-і емделіп шықты. Бес адам қайтыс болды.
Қала басшысы індетке шалдыққандардың дені отызға толмаған жастар екенін атап өтті.

"Қазір күнделікті өсім статистикасы 2-ден 4 процентке дейін болып отыр. Науқастардың 40%-і – 30 жасқа дейінгі жастар, ал 35%-і – 30-дан 50 жасқа дейінгі адамдар. Яғни, осы статистикаға жүгінсек, вирус, негізінен, үлкендерге, зейнеткерлерге немесе бұрыннан ауруы бар адамдарға жұғады деген сөз расталмады. Тәжірибе көрсеткендей, коронавирус жас талғамайды", - деді елорда әкімі.

Көлгінов қаланың жасын да, кәрісін де қауіпті вирустан сақтануға шақырды.