Нұр-Сұлтанда перзентханаға жете алмаған үш әйел боранда босанып қала жаздады

0
746

27 қаңтарға қараған түні аяғы ауыр әйелдер қаладағы перзентханаларға жете алмай қалған.


Нұр-Сұлтанда перзентханаға жете алмаған үш әйел боранда босанып қала жаздады

ERNUR.KZ. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2020 жылдың 26 қаңтарында Ақмола облысында қатты бұрқасын басталып, бірталай көлік жолда қалған, деп жазады Azattyq rýhy.

Боранды түні қала ішінде және қала маңындағы тас жолдарда жүре алмай қалған көлік пен жолаушыларға көмек көрсету үшін қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 74 патрулі жұмысқа тартылған.

Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, құтқарушылар жолда қалған 64 адамға көмек көрсеткен. Құтқарушылар Ақмола облысына қарасты, бірақ, Нұр-Сұлтан қаласының маңында орналасқан Қоянды және Ильинка кенттерінен толғағы басталған үш әйелді аман-есен перзентханаға жеткізген.

«Полиция қызметкерлері сондай-ақ, Қабанбай батыр ауылында тұратын сырқат баланы қаладағы ауруханаға жеткізді. Баланың жағдайы қатты нашарлағанда ата-анасы амалсыз 102 нөміріне хабарласып, құтқарушыларды шақырған», - деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, жолда қалған адамдарды құтқаруда еріктілердің көмегі көп тиген.

«Жол талғамайтын көлігі бар отызға тарта азамат қар құрсауында тұрған көліктерден адамдарды шығарып, оларды көліктеріне салып, жылытқан, тамақ берген. Бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласында жүзден астам жол көлік апаты тіркелген. Жалпы, 102 нөміріне бір тәулікте 2 658 қоңырау түскен», - делінген аталған хабарламада.

Айта кетейік, қазір Қазақстан бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты 9 бағыттағы республикалық трассада жол жабық.