Нұр-Сұлтандағы жаңа мектептің өз кинозалы және жылыжайы болады

0
468

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі айналдырған 4 мектепке 100 миллиард теңге бөлінетінін жариялады. Тиісті бюджетті мәслихат бекіткен.


Нұр-Сұлтандағы жаңа мектептің өз кинозалы және жылыжайы болады

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында жекеменшік BINOM инновациялық мектептерінің төртеуін салу үшін бюджеттен қыруар қаражат жұмсалатыны туралы мәлімет әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Кейбір жауапты тұлғалар мұның «фейк» екенін айтуға асықты. Әйткенмен, мұның жалған еместігі белгілі болуда. Тек шенеуніктер толыққанды ақпаратты дер кезінде ұсынбай, алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізбей, бұқараны мен сарапшыларды жаңылыстырған, деп жазады inbusiness.kz.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі айналдырған 4 мектепке 100 миллиард теңге бөлінетінін жариялады. Тиісті бюджетті мәслихат бекіткен. Шынын айту керек, 100 миллиардқа 4 емес, 15 мектеп салуға болады. Және қатардағы емес, халықаралық деңгейдегі мектеп тұрғызуға болады. Сондықтан бұл салада қоғамдық бақылау тетіктерін енгізу керек. Бұл мемлекеттің халық алдындағы беделін не өсіретін, не оған сызат түсіретін үлкен жоба», – дейді Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Ерлан Сайыров.

Ол билеуші партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жетекшісі ретінде осы мәселені кеңес отырысында жеке қарауға ұйғарыпты.

«Әрбір мектептің құрылысына шығындалатын қаражатқа қоғамдық бақылау болуы қажет. Ол бақылау «СНиП»-терді қалыптастырудан бастап, білім ордаларының жобаларын қабылдау және құрылысын жүргізу кезеңдерін тегіс қамтығаны дұрыс. Аталған қоғамдық кеңестің басшысы ретінде маған азаматтар осы төрт мектеп құнына қатысты шағым жазуда. Олар Нұр-Сұлтанда 100 миллиард ел қаржысының қалай жұмсалғалы тұрғанын жеке қарауымызды сұрады. Бұл жобаның мәселесі көп. Біз кеңестің келесі отырысының күн тәртібіне осы түйткілді шығаруды ойластырып жатырмыз. Өйткені 4 мектепті салу айналасында коррупциялық тәуекелдер туындамауға тиіс», – деді Ерлан Саиров.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, аталған аста-төк сома тек құрылысқа ғана жұмсалмайды: сол жекеменшік мектептерде бюджет есебінен оқушыларды тегін оқыту, мұғалімдерге жалақы төлеу және басқасы да 100 миллиард теңгеге қосылып отырған көрінеді. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова сарапшылармен кездесіп, бұл жобаның мән-жайын түсіндіруге, есептемелерін егжей-тегжейлі жазып көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Білім беру саласына 3,5 триллион теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Соның ішінде орта білім беруге, мектептерді ұстап тұруға және салуға 2,5 триллион теңгеден астам қаржы шығындалады. Тұтастай алғанда, білім беру саласына Қазақстан ЖІӨ-сінің 5 пайызын жұмсайтын деңгейге жетті. Бұл сома аясында педагогтердің жалақысы өсірілуде. Тиісінше, осы триллиондардың үлкен бөлігін мұғалімдердің жалақысы құрайды. Егер 100 миллиард мәселесіне оралсақ, жобаның өзі тек 7,6 миллиард теңге тұрады. Қалған сомаға төрт мектепті ұстап тұру, шығындарын сүйемелдеу кіреді. Оның ішінде ұстаздардың жалақысы, коммуналдық қызметтерінің құны секілді жыл сайынғы шығыстары бар. Оған онсыз да жыл сайын бюджет бөлінеді», – деді Бибігүл Асылова.

Өз кезегінде, ақпарат құралдарына берген сұхбатында BI Construction&Engineering бизнесті дамыту бойынша директоры Аян Зикирин әр мектепке 7,6 миллиард теңге қажет болатынын растады.

«4 мектепті салуға 100 млрд теңге бөлінеді деген фейк. Себебі, бұл сома тек мектептер құрылысына ғана емес, сондай-ақ оларды 6 жыл бойы эксплуатациялау үшін қарастырылған. Яғни, 6 жыл бойы 16 мың баланы оқытуға және 1200 мұғалімнің жалақысын төлеуге бағытталады. Айтпақшы, бұл мектептерде оқу балалардың ата-аналары үшін тегін болады. 4 мектепті салу үшін 30 миллиард теңге шығындалады: 1 мектептің құрылысына – 7 миллиард 566 миллион теңгеден. Бұл мектептер «Назарбаев Зияткерлік мектептері» стандарттары бойынша жабдықталады. Оларда кең зертханалар, кинозал, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық сынақтар жасауға арналған 3D-принтер, роботты техника кабинеттері болады», – дейді Аян Зикирин.

Бұл мектептердің кітапханасында ноутбуктер мен интерактивті парталар қойылатын көрінеді. Сондай-ақ оның аумағында жылыжай-теплицалар, табиғи-натуралистік аймақтар орналасады. Балалар Финляндия, Ұлыбритания, Корея озық білім беру жүйелерінің бағдарламаларына сай оқытылады. Жобаның удай қымбат болуы да осыдан. БҒМ ұсынған ақпаратқа жүгінсек, BINOM жаңа мектептерінде 1 оқушыны оқыту бюджетке 2,59 миллион теңгеге түспек. Салыстыру үшін айтсақ, мысалы, Шымкенттегі қарапайым мектепте 1 баланы оқыту бюджет үшін 1,60 миллион теңге тұрады. Егер «инновациялы» деп дәріптемесе, типтік мектеп салу қаншаға түседі? БҒМ дерегінше, 1200 орындық типтік мектеп құны 3,1 миллиард теңгеге бағаланады. Ал егер бір ауысымда оқитын оқушылар санын 2 мыңға дейін арттырса және типтік емес, «толық жиынтықты» деңгейге көтерсе, жоба құны 5,7 миллиард теңгеге барады.

«Толық жиынтықты» мектептер, министрліктің айтуынша, ғимаратты басқарудың және автоматтандырудың барлық заманауи цифрлық талабына, озық оқу орындарының моделіне сәйкес келеді, заманауи жабдықтармен жасақталады. Соның өзінде бәрібір Бином мектебінен анағұрлым арзан. Ведомство мәліметінше, 4 мектеп құрылысы 30,4 миллиард теңге қаражатты қажет етеді. Соның ішінде 9,1 миллиард теңгені әкімдік аванс ретінде береді. 21,3 миллиард теңгені инвестор құяды. Ол инвестициясын бала оқыту арқылы бюджеттен қайтарады. Әр мектептің құрылысы 7,6 миллиард теңгеге бағалануда. Оның ішінде 5,6 миллиарды – құрылыс-монтаждау жұмыстары. Мектепті жабдықтауға 1,4 миллиард теңге бөлінеді. Қалған 0,5 миллиардтай теңге кітапхана қоры, жобалау-ізденіс жұмыстары және басқасына кетеді.

Елордада қазірдің өзінде 14 мектеп шәкірттерге шектен тыс толған. Олар үш ауысыммен оқытады. Кейінгі 10 жыл (2010 жылдан 2020 жыл аралығында) елорадағы оқушылар саны 74 мыңнан 193 мыңға дейін артқан. 2030 жылға қарай жарты миллиондық межеге жетеді деп күтілуде. Демек, мектеп салу жыры таусылмайды.