Нығматулин Білім министріне: Қыркүйекте балалар мектепке барса, сіз Мәжіліске келесіз

0
671

Мәжіліс төрағасы Білім және ғылым министрілігі басшылығына Парламентте білім саласына қатысты мәселелерді уақтылы қарастыру керектігін ескертті.


Нығматулин Білім министріне: Қыркүйекте балалар мектепке барса, сіз Мәжіліске келесіз

ERNUR.KZ. Білім саласындағы мәселелерді Парламентте егжей-тегжейлі талқылау керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Осы саладағы мәселелерді ретке келтіру керек, себебі бұл сала ерекше екенін білесіздер. Білім саласы халықты кеңінен қамтып отыр. Осы бағытқа қажетті қаржы бөлінді, барлық сұрақтар шешілді. Сондықтан білім саласы жоғары деңгейде заман талабына сай болуы тиіс. Есеп комитетінің мәліметінше, мемлекеттік бюджетте білім беру саласының үлесі 17 пайызға жуығын құрап отыр, яғни қаржы бар. Сонымен қатар, тиісті бағдарламалар іске қосылған, алайда бұл салаға қойылып жатқан сұрақтар әлі де баршылық», - деді Н. Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Мұнымен қоса, Мәжіліс төрағасы Білім және ғылым министрілігі басшылығына Парламентте білім саласына қатысты мәселелерді уақтылы қарастыру керектігін ескертті.

«Парламентке заң жобасын, Үкімет сағатын кейінге шегеру туралы өтініштеріңізді жолдағанды доғарыңыздар, осындай жағдай бірнеше мәрте қайталанды. Парламенттен қашудың қажеті бар ма? Білім және ғылым министрлігінің есебін Мәжілісте тыңдайық. Бұл сала маңызды болғандықтан, атқарылған жұмыстарды талқылау қажет. Осы мәселелерді Үкімет сағатынан бөлек, білім тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауда қарастырған жөн. Күләш Ноғатайқызы (Білім министрі - авт.), қыркүйекте сіздерді Мәжілістегі Үкімет сағатында күтеміз. Балалар қыркүйекте мектепке барса, сіз Мәжіліске келетін боласыз», - деді Н. Нығматулин ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға қарата айтқан сөзінде.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет