Оқу ақысы тағы қымбаттады

0
3 040

Оқу ақысын оқу орындары бүгінгі күні өзгері белгілейді.


Оқу ақысы тағы қымбаттады

ERNUR.KZ. Елімізде ақылы оқудың бағасы тағы қымбаттады. Университет пен институттағы бір жыл білім алудың құны 15-20 пайызға дейін көтеріліп кеткен. Бұл жаңалықты естіген ата-аналар «онсыз да сапалы білім беріп жарытпай жатқандардың бұл әрекетін түк түсінбедік» деп наразылық білдіруде, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Елордадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры қол қойып, мөр басылған құжатта 2017-18 жылдардағы ақылы бөлімнің бағалары жазылған. Экономика мамандығы жылына 860 мың теңге деп көрсетілген. Өткен оқу маусымында шамамен 940 мың теңге болған оқу ақысына биыл тағы 10 пайыз қосылып отыр. Яғни, осы жылдың түлектері экономика мамандығын Гумилев университетінде оқимын десе енді 1 миллион 41 мың теңге төлейді. Бұдан басқа жоғарғы оқу орындарының да оқу ақысы көтерілген.

«Мынадай-мынадай себеппен деп ешкім жауап берген жоқ. Жауап алған жоқпыз. 4 процент емес инфляцияға қарсы, жоқ 15-20 процент. Қазір 900 мыңнан кем жоқ бір жылдың оқуының ақшасы. Әрине сондықтан 2-3 мың долларға дейін барады. Бұл - үлкен баға. Ал сапасы деген төмен ғой" - дейді қоғам белсендісі, журналист, Гүлбану Әбенова.

Білім саласына бөлінген қаражат - болашаққа құйылған инвестиция деп айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Баға сапасына сай болса, мұндай әңгіме көтерілмейтін еді ғой. Бірақ, ақсап тұрған дүниенің құнын аспандата берудің қажеті қанша? Тұрғындардың пікірі осы.

«Ақшамен білімді байланыстырып соған байланысты 15 % көбейтсе білім де жоғарылайды дегенге сенбеймін».

«Мысалы менің 8 балам бар. Енді балаларды оқытайық десек, қазір мына баға көтеріліп кетті. Қымбат, оны біздің қалтамыз көтермейді».

«Қазіргі көп адамдардың жағдайы келмейді деп ойлаймын. Негізі, түсірген дұрыс. Сондай тым болмаса жеңілдік жасаса деген ойдамын».

«Баға жоғары, қымбат. Бұл енді Астананың қаржысымен ауылдық жерлердің қаржысын теңестіру мүмкін емес»

"Тиынның екі жағы бар" дегендей кейінгі жылдары оқу құнының үздіксіз өсе беруі кесірінен көптеген жастар шетелге кетіп жатыр. Тіл үйреніп, саяхаттап, арзан оқу орнын тапқандар көп ойланбайтын болған.

«30-40 пайызы қайтып келгісі келмейді, келмейді де. Сол жақта тырысып қалғысы келеді. Сонда мемлекет 11 жыл балаларды тегін оқытып, сонда біз басқа мемлекеттің маманы үшін дайындадық па? Сол жақтан барып оқиды, қалғысы келеді. Бізге керек мамандар келмей жатыр ғой. Бұл кұрделі мемлекеттік мәселе» - дейді қоғам белсендісі, журналист, Гүлбану Әбенова.

Мемлекет неге араласпайды? Министрлік қайда қарап отыр? Азаматтар да, мамандар да осыны түсінбей әлек. Оларға еліміздің бас мұғалімі былай жауап берді.

«Оқу ақысы бойынша алдыңғы жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша оқу ақысын оқу орындары бүгінгі күні өзгері белгілейді. Бүгінгі күні министрлік тиісті жұмыс жүргізіп, мемлекеттік университеттермен жұмыс жүргізіп талдау жасап, жақында Сіздерге осы ақпаратты жеткізетін боламыз» - дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Жоғарғы оқу орындары кейінгі жылдары өз жыртығын өзі жамап, өз күнін өзі көретін басқару стиліне көшкен. Министр Аймағамбетов мемлекеттік университеттермен сөйлесіп көремін дегендей ыңғай танытты. Бірақ, көтеріліп қойған баға қайтып түседі дегенге сену қиын.