Оқушылар үшінші тоқсанда қалай оқиды - комиссия шешімі жарияланды

0
1 509

Оқушылар пәндердің 70%-ін – дәстүрлі форматта, 30%-ін – қашықтан оқитын болады.


Оқушылар үшінші тоқсанда қалай оқиды - комиссия шешімі жарияланды

9,11,12 сыныптар оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап аралас оқу форматына көшеді. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


"Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту қарастырылады", - делінген үкімет сайтында.

Соған сәйкес, оқушылар пәндердің 70%-ін – дәстүрлі форматта, 30%-ін – қашықтан оқитын болады.
Сонымен қатар оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылады.
Ал колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері II семестрден бастап аралас оқыту форматына көшеді.

Премьер-министр әкімдерге қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, сондай-ақ егу пункттерін вакцинациялауға дайындауды тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылдың 25 желтоқсанынан 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін шектеу шаралары күшейтіледі.