"Оқушыны ұруды әдетке айналдыруға бола ма": Журналист елорда мектебіндегі жағдайды айтып, жанайқайын жеткізді

0
461

Тележүргізуші Ақбаян Сапарбаева әлеуметтік желідегі парақшасында кез-келген зорлық-зомбылыққа қарсы екенін жеткізді.


ERNUR.KZ. Белгілі журналист Ақбаян Сапарбаева Facebook-тегі парақшасында астаналық мектепте оқитын туған бауырын мұғалімі құлағынан бұрап, басынан ұратынын жария етті. Ол оқушыны тақтаның алдына шығарып "жазалаған" педагогтың видеосын көрсетті. Министрлік бұл жайтқа тескеріс жүргізетін болады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тележүргізуші Ақбаян Сапарбаева әлеуметтік желідегі парақшасында кез-келген зорлық-зомбылыққа қарсы екенін жеткізді. Ол видеодағы оқушының туған інісі екенін айтып, оның Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде білім алатынын жазды.

"Бұған дейін де мұғалім сызғыштың қырымен басынан әбден ұрғанын естігенмін! “Өзің бұзық болған шығарсың, дұрыс, ұстазды тыңдамасаң солай болады!” деп қойғанбыз! Бірақ оқушыны ұруды әдетке айналдыруға бола ма?!", - дейді ол.

Журналист жалпы ұстаздарға баланы ұрып-соғып тәрбиелеудің дұрыс емес екенін айтады.

"Мұғалім екінші анамыз! Оны тыңдау, құрметтеу парызымыз! Бірақ, қазіргі заман балаларын ұрып-соғып, тоқпақтап тәртіпке шақыра алмаймыз, құрметті ұстаздар! Біздің заман өтті! Шынымды айтайын, мынаны көріп, түнімен жүрегім ауырды! Үп-үлкен бала, алдында отырған сыныптас қыздарынан ұялып, күліп қояды. Оның да намысы бар ғой! Жалпы, баламен жеке сөйлесу, келісу, сабаққа қызықтырудың тәсілдерін ойластыратын уақыт жетті ғой! Қашанғы аюға намаз үйреткендей таяқ алып жүреміз? Енді осы дұрыс па?", - дейді журналист.

Видеоға желі қолданушылары екі түрлі пікір жазған. Кейбірі мұғалімнің әрекетін сынаса, енді бірі жақтап шыққан.

"Мұғалім ұрғаннан бала жаман болмайды. Құлағын тартып нұқығаннан кемтар болған ешкім жоқ... Талай таяқ жедік қой, сол тәртіптің арқасында адам болдық", - дейді Есенбек Санатұлы есімді желі қолданушысы. Жазба авторын қолдап, баланың жағдайын түсінген оқырмандар да жеткілікті. "Сыныптастарының алдында қорлауға болмайды ғой", - деп жазады Халима Тәжіқұл.


Желідегі видеоға қатысты Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Абдуалиева да пікір білдірді.

"Бұл жайтты тексеру керек, әзірге ақпарат жоқ. Видеоны енді көріп отырмыз", - дейді министрлік өкілі.

Ведомство мән-жайды анықтап, кейінірек толық хабарлайтынын жеткізді.