Онлайн-несие берушілер айылын жимай тұр

0
102

Қазақстандықтар 8 айда 3,9 трлн теңгенің тұтыну несиесін алған.


Онлайн-несие берушілер айылын жимай тұр

ERNUR.KZ. Finprom.kz қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту шаралары несие нарығына қалай әсер еткеніне талдау жасапты. Сайттың дерегіне сенсек, онлайн-несие беретін компаниялар Ұлттық банк бекіткен кедергілерді айналып өтіп, әр несиеден жылына 700% пайда көріп отыр, деп жазады Atameken Business.

«Тамыз айының соңындағы дерек бойынша 3,9 трлн теңгенің тұтыну несиесі рәсімделген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 23,9 % көп. Бұған дейін 2 жыл қатарынан 12,1-12,3 % өсім сақталып келген болатын. Ал төлеу мерзімі кешіктірілген несиенің мөлшері 1,7 %-ке артқан», – деп жазады Finprom.kz.

Бұл ақшаға шаққанда 236,5 млрд теңге.

«Төленбеген қарыздың бейберекет қордалануына жол бермеу үшін тұрмыстық несие беруші нысандардың жұмысын реттеу қолға алынған болатын. Бұл қатарға онлайн-несие беруші компаниялар да кіреді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар да Ұлттық банктің бақылау кеңістігіне өтпек. Халық онлайн-несиенің табысты дәлелдейтін құжат сұрамастан, бұған дейінгі борыш тарихын зерттеместен, 10-15 минуттың ішінде ақша ұсынатынына қызығады. Бірақ оның жылдық мөлшерлемесі 700% екенін ескере бермейді. Мысалы, екінші деңгейлі банктерде бұл көрсеткіш 21,3%-тен аспауы керек. Ал жекелей борыштар бойынша мөлшерлеме шегі 56%-тен аспауы тиіс. Енді онлайн-несие берушілердің мөлшерлемесін де 56%-ке түсіру көзделіп отыр», – делінген мақалада.

Сайттың жазуына қарағанда, ҚазФинТех қауымдастығына мүше ретінде тіркелген 16 онлайн-несие компаниясының тек төртеуі ғана, үстеме төлемдер туралы толық ақпарат берген. Олар 100 мың теңгелік несиеден бір айда 60-63 мың теңге табыс көріп келген.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет