Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар эвакуациялана ма – СІМ жауабы

0
840

Оңтүстік Корея аумағында 35 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар, олардың 12 мыңға жуығы – заңсыз жүргендер.


Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар эвакуациялана ма – СІМ жауабы

ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан астам қазақстандық бар. Қазіргі таңда коронавирусқа байланысты оларды эвакуациялау туралы айту ерте. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

"Бүгінгі күні Оңтүстік Кореяда 35 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Олардың 12 мыңға жуығы – заңсыз жүргендер. Біздің елшілікте консулдық есепте бар-жоғы 848 адам тұр. Яғни, біздің көптеген азаматымыздың санасыздығы өздеріне қарсы шығып тұр. Себебі төтенше жағдай болған жағдайда біз оларды қалай іздейміз? Қазақстандықтардың бұл елдің қай жерінде жүргенін де білмейміз", - деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Министрлік азаматтарға заңды немесе заңсыз статусқа қарамастан елшіліктің консулдық бөліміне хабарласуға кеңес берді.

"Ауру жұқтырғандар мен қаза тапқандар саны артып келеді. Сондықтан аса абай болу қажет. Корея әзірге жабылмайды, эвакуациялау туралы айту әлі ерте. Бақылаймыз", - деп атап өтті Смадияров.

Бұған дейін Қазақстанның Оңтүстік Кореяға әуе рейстер санын тоғыздан үшке дейін қысқартатыны туралы айтылған еді. Сондықтан ведомство азаматтарды 1 наурызға дейін елге оралуға шақырды.

Оңтүстік Кореядағы коронавирус. Оңтүстік Корея жаңа COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар саны бойынша Қытайдан кейінгі екінші ел болды.

27 ақпандағы жағдай бойынша, Кореяда 1 595 адам коронавирус жұқтырған екен.