"Оңтүстіктің әдемі келіншегі": Дариға Назарбаева жаңа сенаторын мақтады

0
1 051

Шымкенттен жаңадан келген сенатор Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде жұмыс істеуге ниет білдірді.


ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Шымкенттен сайланған сенатор Айгүл Қапбарова ант қабылады, деп жазады Zakon.kz.

"Депутат Қапбарова Айгүл Жарылқасынқызы Шымкент атынан сенатор боп сайланды. Айгүл Қапбарова - Қазақстанның оңтүстігінен келген қазақтың әдемі келіншегі. Ол бізге әйел адам жіберсе деген менің тілегімді қабыл алғандай. Әкімдік пен мәслихатқа (Шымкенттің) көп алғыс. Қызметте тек табыс тілейміз" - деді Палата спикері Дариға Назарбаева.

Одан соң Айгүл Қапбарова ант қабылады.

Назарбаеваның айтуынша, Шымкенттен жаңадан келген сенатор Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде жұмыс істеуге ниет білдіріпті.

Айгүл Жарылқасынқызы еңбек жолын 1997 жылы облыстық телерадиокомпанияның редактор-тілшісі болып бастаған. Одан кейін 2003-2011 жылдары "Оңтүстік Қазақстан" газетінің Саясат бөлімінің меңгерушісі, 2011-2012 жылдары "Шымкент Медиа" МКК директоры-бас редакторы болып істеді. 2012 жылдың наурыз айынан бүгінге дейін "Шымкент ақпарат орталығы" ЖШС директор-бас редакторы қызметін атқарды.