Оралда егіз қыздардың мүгедек әкесі аштық жариялады

0
965

Ер кісі "Мен әлеуметтік әділдікті талап етемін" деген жазу жазылған плакат ұстаған.


Оралда егіз қыздардың мүгедек әкесі аштық жариялады

ERNUR.KZ. Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев 9 желтоқсан күні әкімдік ғимараты орналасқан қаланың орталық алаңына келіп аштық жариялады, деп жазады Stan.kz.

Өтебаев ұстап шыққан плакатында "Мен әлеуметтік әділдікті талап етемін" деген жазу жазылған. Қала тұрғыны оның атындағы барлық несиелерді сызып тастауды сұрап отырған көрінеді.

"Мен бірнеше рет несиеге алғанмын, оларды уақытылы төлеп, тіпті алдын ала жауып тастаған кездерім де болды. Соңғы несиелерімінің бірін ем қабылдауға, келесісін қызымның оқу ақысын төлеуге алған болатынмын. Қызым үшінші курсқа көшкенде оның оқуына ақша төлей алмай, сол себепті несиеге жүгінгенмін. Ол қызым егіздің сыңары, екіншісі мүгедек. Мен краншы болып жұмыс істегенмін, бірақ тамыз айында ауыр дертке шалдығып, ауруханаға түсіп қалдым", - деді Бекболат Өтебаев.

Сөзінше, жұмыс істеп жүрген кезінде оның табатын жалақысы 200 мың теңге болыпты. Бұл ақша оған өз отбасын асырауға жеткен екен.

"Үш ай ауруханада жатқан кезімде жұмыстағы басшылық денсаулық жағдайына байланысты өз еркіммен қызметімнен кетуімді сұрады. Ал арыз жазбаған жағдайда мені бәрібір шығарып жіберетіндігін айтты. Әрине, мен денсаулығымды түзеген соң басқа жұмыс тауып алармын деп өзім жұмыстан кеттім. Дегенмен дертімнен айыға алмадым, маған ауруханадан жарамсыздығым туралы қағаз жазып берді. Мен қазір жұмыс істей алмаймын, маған 30 мың теңгелік жәрдемақы төленеді. Қызым да мүгедектігі үшін 30 мың теңге алады. Ал әйелімнің жалақысы 36 мың теңге, ол еден жуушы болып жұмыс атқарады. Ал бұл ақша біздің тамағымызда да артылмайды, бұған қоса дәрі сатып алып, несие төлеуіміз керек. Әлеуметтік көмек қызметкерлері бізді қайтарып жіберді. Шенеуніктер "қыздарың оқуын тастап, жұмыс істесін, ал сен ауырғанды қойып жұмысқа шық" деп жауап берді. Мен неліктен несиелерін кешірген азаматтардың қатарында жоқ екендігімді түсінбедім, бұл туралы арнайы ұйымдарға да барғанмын. Барлығы да еш нәтижесіз. Сондықтан мен бүгіннен бастап аштық жарияладым. Мен тамақ ішпегеніме бір күннен астам уақыт болды, өлсем осында өлермін", - деді Бекболат.

Аштық жарияған азаматқа әкімдік қызметкері шығып, оның журналистермен бірге ішке кіруін сұраған бірақ Бекболат бұдан бас тартты.

"Міне, менің қағаздарымның барлығы да осында, қарайтын болсаңыздар осы жерден көріңіздер. Ал мен ешқайда бармаймын". - деп бекінді Бекболат Өтебаев.