Оралда жеке балабақша ашқан кәсіпкерлер бала санын асыра жазып, бюджет қаржысын қалталарына басқан

0
549

Ал шенеуніктер жеке балабақшаларға сөзіміз жүрмейді дейді.


Оралда жеке балабақша ашқан кәсіпкерлер бала санын асыра жазып, бюджет қаржысын қалталарына басқан

ERNUR.KZ. Оралдағы кейбір жеке балабақшалардың иелері ауадан ақша жасап отыр. Олар бақшаға келетін бөбектердің санын асыра жазып, мемлекет қаржысын қалтаға басатын көрінеді. Әр балаға 45 605 теңге бөлінеді. Ал қалада жасы беске толмаған 6800 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қанағат Қарабалин жеке балабақша ашу үшін біраз әуреге түсіпті. Сол кезде бұл істің де табысты бизнеске айналғанына көз жеткізген. Өйткені кәсіпкерлер бала санын көбейтіп жазғаны аздай, есепте жоқ адамды жұмысқа алып, мемлекетті сауын сиырға айналдырған.

«Бірінші тәрбиешілерді заңсыз алады. 3 квадратурадан келу керек қой бір балаға. Олар баланың квадратурасын шектейді де, 50 шақты бала болатын болса, олар 70 бала деп санпинмен жаздыртып алады. Жоқ баланы көрсетіп, сол кезде үкіметтің қаржысын заңсыз пайдаланып, өздерінің мақсатында жұмсап отыр. Біздерге ақша жоқ дейді. Ақша қайда кетіп жатыр қазір мемлекеттің қаржысы? Осындай нәрселерге кетіп жатыр», - дейді кәсіпкер Қанағат Қарабалин.
Ал шенеуніктер жеке балабақшаларға сөзіміз жүрмейді дейді. Өйткені бизнесті тексеруге жарияланған мораторий мерзімі әлі біткен жоқ.
«Біздерге жеке балабақшалар есеп тапсырмайды. Бірақ олар ай сайын электронды табель толтырады. Сол табельді біздер білім беру деректері арқылы сәйкестендіріп, нақты келген баланың санына байланысты қаржыландырып отырамыз», - дейді қалалық білім бөлімінің экономисі Эльмира Игилова.
Оралдағы 150-ден астам балабақшаның үштен екісі жекенің меншігінде. Бұл мекемелерде 18 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.
Кәсіпкердің айтуынша, орташа есеппен 10 баланы қосып жазған әр балабақшаның ай сайынғы көлденең табысы 500 мың теңгеге жуықтайды. Егер осы тәсілмен есептесек, қаладағы жеке балабақшалардың жылдық табысы 500 миллион теңгеден де асып кетеді. Бұл еліміздегі ортанқол ауылдың бюджетінен де көп.
Күйінген кәсіпкер құзырлы органдарға шағымданыпты. Осы арызды тексерген ішкі мемлекеттік аудит департаменті расымен де заң бұзылып, қазына қаржысы қолды болғанын анықтаған.