Оралдық тұрғындар құс фабрикасынан келетін жағымсыз иіске байланысты наразылық білдірді

0
1 173

Фабрика аумағында құс саңырығының жиналуынан дем алу мүмкін болмай қалған.


Оралдық тұрғындар құс фабрикасынан келетін жағымсыз иіске байланысты наразылық білдірді

ERNUR.KZ. Оралға қарасты "Зачаган" бау-бақша серіктестігінің тұрғындары құс фабрикасынан келетін жағымсыз иіске байланысты наразылық білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл мәселе бірнеше жылдан бері созылып келеді.

Фабрика аумағында құс саңырығының жиналуынан тұрғындарға дем алу мүмкін болмай қалады.

"Есік-терезені жауып қойғанның өзінде жағымсыз иіс үйдің ішін алып кетті. Тыныс алатын жағдай жоқ. Сондықтан біз құс фабрикасы басшыларына екі талап қойдық. Бірі - құс фабрикасын көшіру немесе сол аумақты екі айдың ішінде тазалау", деді осы ауданда тұратын Үзілдік Елеубаева.

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, "Орал құс фабрикасы" басшылығы тұрғындармен кездесті.

Онда құс нәжісін жинақтауға санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының бар екендігі, сонымен қатар оны органикалық тыңайтқышқа айналдыруда жаңа технологияның қолданылатыны айтылды.

Соған қарамастан, бір айдың ішінде құс саңырығын жинақтайтын орынды халық тұратын жерден аулағырақ көшіру мәселесі қолға алынатын болды. Осыған орай Орал қаласы жер қатынастары бөлімі маманадарымен бірге полигон орнын анықтау мақсатында таяу маңдағы жер телімдеріне мониторинг жүргізілді.