Өртенген Алматы әкімдігі ғимаратын қалпына келтіру уақыты тағы да ұзартылды

0
519

​​Қаңтар оқиғасы кезінде толықтай өртеніп кеткен Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру уақытына өзгерістер енгізілді.


Өртенген Алматы әкімдігі ғимаратын қалпына келтіру уақыты тағы да ұзартылды

ERNUR.KZ. Мердігер мекемелер биыл қаңтар айында тоналып, өртенген әкімдікті қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Алайда нысанды тапсыру уақытын жоспарланған мерзімнен шегеруге мәжбүр, деп жазады sputnik.kz.

Биыл қаңтар айының соңында Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары толықтай өртенген Алматы әкімдігін тексерістен өткізіп, ғимаратты қалпына келтіруге болады деген қорытынды жасаған болатын. Сол кезде мамандар әкімдікті толық қалпына келтіруге шамамен бес ай уақыт кетеді деп хабарлаған еді.
Алайда кейін қалпына келтіру жұмыстары ойлаған уақыттан көп мерзімге созылатыны белгілі болды. Өйткені ғимараттың келбетін толықтай қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, осы себептерге байланысты жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау созылып кетті.
“Біз әкімдікті қалпына келтіреміз. Алғаш рет алматылық бес компания кірген консорциум құрдық. Компаниялар біздің ғимаратты жөндеу жұмыстарымен айналысады. Біз жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлаған едік. Алайда жобалау туралы шешімдердегі қиыншылықтарға байланысты жұмыстар келесі жылдың Наурыз мейрамына дейін жалғасады", - деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ қала басшысының сөзінше, ғимарат алдындағы алаңның орнына саябақ салу жоспарда бар. Бүгінде ғимарат жанып кеткен тастар мен мәрмәр қаптамаларынан толығымен босатылды. Құрылымды сейсмикалық күшейту жалғасуда, жұмыс бір күнге де тоқтамайды.