Өскеменде бірнеше күн көмір кезегінде тұрған ер адам өзін өртемек болды

0
618

Ұлан ауданының тұрғыны бірнеше күн бойы көмір кезегінде тұрған.


Өскеменде бірнеше күн көмір кезегінде тұрған ер адам өзін өртемек болды

ERNUR.KZ. Өскемен қаласында бірнеше күн көмір кезегінде тұрған ер адам өзін-өзі өртеп жібермек болды, деп жазады Stan.kz.

Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға шаһардың сол жағалауында орналасқан теміржол тұйығында болған.

"Полицияға қоңырау шалған азамат көмір кезегінде тұрған жүргізушілердің бірі көлік жолын жауып тастап, өзін-өзі өртеп жіберетіндігін айтып қорқытқаны туралы жеткізді. Сол жерге жеткен тәртіп сақшылары қолына канистр ұстаған ер адамды көрген", - делінген хабарламада.

Соңынан анықталғандай, ол – Ұлан ауданының тұрғыны. Бірнеше күн көмір кезегінде тұрған.

"Полицейлер ер адамнан канистрді тартып алып, сабырға шақырды. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен сатушы компания оған көмірді кезексіз беру жайлы ұсыныс жасады. Кезекте тұрған басқа азаматтар бұған қарсы болған жоқ", - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ жолды жауып, басқа көліктердің жүруіне кедергі келтіргені үшін Ұлан ауданының тұрғынына 10 АЕК (1 АЕК – 2917 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Бұған дейін Алматы облысы, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында көмір кезегінде тұрған әйел жүк тиегіштің көтергішіне мініп алғаны туралы айтқан болатынбыз. Кербұлақ ауданының әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсінік беріп, интернетте тараған видеоны араңдатушылық деп атады. Сондай-ақ ауданда көмір тапшылығы жоқтығын мәлім етті.