Қоқысқа толған өзеннен мал мен адам сүйектері де шығып жатыр

0
3 383

Талдықорғандағы Қаратал өзенінің бойы қоқыс полигонына айналып, одан мал мен адам сүйектері де шығуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қоқысқа толған өзеннен мал мен адам сүйектері де шығып жатыр

Талдықорғандағы Қаратал өзенінің бойы қоқыс полигонына айналып, одан мал мен адам сүйектері де шығуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Талдықорғандағы қаратал өзенін бойлай орналасқан үй тұрғындары адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқандарын айтып, аталған арнаға шағымданған. Айтуларынша, тұрғын үйлерге жақын маңға талай жылдар бойы қоқыс төгіліп келген көрінеді. Салдарынан үлкен полигонға айналған екен. Мұнда тіпті, малдың басы мен сирақтарын да тастайды, дейді тұрғындар.
Қоқыс алаңы қараталөзені мен тұрғын үйлердің дәл ортасында пайда болған. Үлкен аумақты алып жатқан полигонда қоқыс тастауға тыйым салатын еш белгі де жоқ. Бір бөлігі өзен суын ластап жатса, екіншісі маңындағы тұрғындарға зардабын тигізуде.

«Балаларға ойнау мүмкін емес. Далаға шығып демала алмайсың. Содан кейін, жаңағы, сиырдың терілерін мына иттер әкеп тастайды, мысықтар сүйреп әкеледі балконның астына. Бастысы, крыса бізде, крыса қаптап жатыр сол мусордың арқасында», - дейді қала тұрғыны Жұлдыз Тайбағарова.

Алайда, тұрғындар үшін басты қауіп шіріген күл-қоқыстан тарайтын жағымсыз иіс. Күні кешке дейін осы ауаны жұтып, ауруға шалдығып жатқандарын айтады. Әсіресе, бүлдіршіндердің денсаулығы үшін қатты алаңдаймыз, дейді ата-аналар. Ал, ойын балаларының өздері іргедегі қоқыс алаңына жиі қатынайтын көрінеді. Тіпті, адам шошитын көріністерді де көздері шалған екен.

«Біз үнемі анда барған сайын сиырдың бастарын, сүйектерін, адамның қолдарын, саусақтарын көреміз күнде ойнағанда», - дейді оқушы Дамир Қасен.

Бұл жерге қалалық перзентхана мен көпсалалы аурухана да жақын орналасқан. Алдайда, мұндағылардың қоқыс полигонына әлдеқашан көздері үйренген сыңайлы. Қала тазалығына жауапты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының өкілдері заңсыз қоқыс алаңына қатысты тілшілерге сұхбат беруден бас тартты. Орнына әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

«Үйлердің сирек орналасқанына байланысты қала тұрғындары сол жаққа апарып тастайды. Мұны учаскелік инспектордың күнде бақылауы мүмкін емес болып жатыр. Дегенмен біз ол жерді қала әкімдігінің күшімен график бойынша тазалап келе жатырмыз. Бұл жер ғана емес басқа жерлер де бар. Бүгін-ертең ол жер тазаланып бітеді», - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.

Жауаптылар жоспарға сай қалада жылына бір рет 2 айға созылатын тазалық айлығы өтіп тұратынын айтады. Бұдан бөлек айына бір мәрте сенбілік те ұйымдастырылады екен. Алайда, 10 жылдан астам уақыт бойы заңсыз жұмыс істеп келген қоқыс полигонының жуық арада тазаратынына тұрғындар сенбейді.

Суреттер видеодан скриншот жасалды