Өзбекстанда Auezov University филиалы ашылады

0
597

Auezov University аталған филиалда 18 білім беру бағдарламасы бойынша студенттер оқытуды жүзеге асырады.


Өзбекстанда Auezov University филиалы ашылады

ERNUR.KZ. Өзбекстанның Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы ашылады, деп жазады inform.kz.

Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің өзара келіссөздерінің қорытындылары негізіндегі уағдаластық бойынша және Auezov University 80 жылдығына орай жүзеге асырылып отыр.

Екі ел басшылары келіссөздерінің нәтижесі бойынша арнайы Жол картасы әзірленіп, тиісті жұмыстар қолға алынды. Оған сәйкес қос мемлекеттің ведомстволық министрліктері деңгейінде Өзбекстанның Шыршық қаласында Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-дың филиалын ашу турасында үшжақты келісімге қол қойылды.

Auezov University аталған филиалда 18 білім беру бағдарламасы бойынша студенттер оқытуды жүзеге асырады.

– Шыршық – Өзбекстанның өнеркәсібі өркендеген қалаларының бірі. Өңірде машина жасау, металл өңдеу және химия өнеркәсібі салалары қарқынды дамыған. Осындай тенденцияларды ескере отырып, Auezov University өңірге қажетті білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлауды қолға алмақ, – деп атап өтті М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма төрағасы, ректор Дария Қожамжарова.