Пандемия: Жерлеу рәсімдері бюроларының табысы 82 пайызға өсті

0
363

Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 36 мыңнан астам адам қайтыс болған.


Пандемия: Жерлеу рәсімдері бюроларының табысы 82 пайызға өсті

ERNUR.KZ. Соңғы бір жылда Қазақстанда жерлеу рәсімдерімен айналысатын бюролардың табысы 82 пайызға өсті. Аталған мерзімде қайтыс болғандар саны 5 мыңға артып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру және осы сала бойынша жасалған қызмет құны үстіміздегі жылдың қаңтар–наурыз айларында 802,9 млн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 82,2% - ға артқан.

Осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда қайтыс болғандар саны 36,1 мың адамға жетті. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ол кезде 37 мың адам болған еді.

Ал 2020 жылдың алғашқы үш айында дүние салғандар саны - 31,2 мың адам.

Елімізде коронавирустың кесірінен өлім-жітім көрсеткіші өсуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 2 тамызда коронавирустан 124 адам, коронавирустық инфекция белгілері бар пневмониядан 25 адам, 1 тамызда 110 және 16 адам қайтыс болған.

Аталған ведомство мәліметінше, пандемия басталғаннан бері 2021 жылдың 3 тамызына дейін Қазақстада 6277 адам, 2020 жылдың 1 тамызынан бастап 2021 жылдың 2 тамызына дейін пневмониядан 3781 адам қайтыс болған.

Джонс Хопкинс Университетінің мәліметтері бойынша, 4 тамызға дейін Қазақстанда аталған жұқпадан қайтыс болғандардың саны 9077 адамды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан антирейтингте 195 елдің ішінде 50-ші орында тұр.

Қайтыс болғандар антирейтингінде ең көп адам саны АҚШ-та (614,3 мың адам), Бразилияда (558,4 мың адам) және Үндістанда (425,8 мың адам) тіркелді.

Осы уақытта Ресей антирейтингте 6 орында (159 мың адам қайтыс болды), Украина 18-орында (55,7 мың адам). Көршілес Қырғызстанда 2,4 мың, Өзбекстанда-901 адам қайтыс болды.