Пандемияға қарамастан жұмыссыздықты 5% деңгейінде сақтап қалдық – Мамин

0
1 821

​Үкімет басшысының айтуынша, Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдама әзірленеді.


Пандемияға қарамастан жұмыссыздықты 5% деңгейінде сақтап қалдық – Мамин

ERNUR.KZ. Қазақстан экономикалық дағдарысқа қарамастан жұмыссыздықты 5 процент деңгейінде сақтап қалды. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Қол қойылған меморандумдардың аясында 2,3 миллионнан астам жұмыс орны сақталды. Пандемияға байланысты әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан жұмыссыздықты 5 пайыз деңгейінде сақтап қалдық", – деді Мамин үкімет отырысында.

Ол қазір өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайы зиянды жұмыс орындарын азайту бойынша 2023 жылға дейінгі жол картасы іске асырылып жатқанын атап өтті.

Арнайы алгоритмдер әзірленеді

Премьер-министр еңбек министрлігіне әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпараттық жүйелердегі деректердің негізінде проактивті режимде жалақы бойынша берешекті анықтау алгоритмін әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар, еңбек қатынастарын мониторингілеу үшін еңбек шарттарын толығымен электронды форматқа ауыстыру қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, зиянды жұмыс орындарын кезең-кезеңмен қысқарту үшін 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдама әзірленеді.

Сондай-ақ, Мамин жұмысшылардың жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеуді және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдауды тапсырды.

Ал қаржы министрлігі оңалтудағы кәсіпорындарда жалақы берешегін төлеу, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік аударымдар бойынша қарызды азайту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауы тиіс.