Пара алу күдігімен ұсталған Майгүл Омарова екі айға қамалды

0
2 583

Ол бірнеше жеке кәсіпкерлік нысандарының өкілінен 37 миллион 650 мың теңге пара алған.


Пара алу күдігімен ұсталған Майгүл Омарова екі айға қамалды

ERNUR.KZ. Талдықорған қаласының мамандандырылған тергеу сотының шешімімен Алматы облысы білім басқармасының бастығы Майгүл Омароваға қатысты екі ай мерзімге "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасы санкцияланды, деп жазады zakon.kz.

Еске сала кетсек, ақпан айының басында ҰҚК департаменті мен облыстық арнайы тергеу прокуратурасы бірлесіп, бұған дейін Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелген сотқа дейінгі тергеу ісі бойынша "Алматы облысының білім басқармасы" ММ басшысы, 1969 жылы туған Омарова Майгүл Тілеутайқызы, 1992 жылы туған, "Алматы облыстық білім беру саласындағы ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Менлыбаев Арапби Айдынұлы және 1989 жылы туған, Алматы облысының білім басқармасының күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Абдолданова Бақыт Сағатқызының жемқорлық әрекеттерін әшкереледі.

Бұл үшеуі өзара алдын ала келісіммен 1 ақпан күні "Азим", "Lazer", "LapTop", "LuckCom", "Алмас", "Кыдыралинов" Нукенова Н.Ж. деген бірнеше жеке кәсіпкерлік нысандарының өкілінен 37 миллион 650 мың теңге пара алған. Аса ірі көлемдегі пара 2020 жылдың қазан-қараша айларында аталған кәсіпорындармен бір көзден мемлекеттік сатып алу әдісімен 406 миллион теңгеге 2522 дана ноутбук алу туралы келісімшарт жасасқаны үшін және жеткізілген ноутбуктерді кедергісіз қабылдау үшін алынған. Ноутбуктер пандемия жағдайында Алматы облысының орта білім мекемелерінде қашықтан оқытуды қамтамасыз ету үшін "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" мемлекеттік бағдарламасының аясында алынған.

Жүргізілген тінту кезінде қолма-қол ақшалай айғақ зат – 37 миллион 450 мың теңге табылып, тәркіленді.