Парламенттік оппозиция туралы заң президентке жіберілді

0
77

​Заң жобасы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президент ұсынған бірқатар саяси реформа аясында әзірленген


Парламенттік оппозиция туралы заң президентке жіберілді

ERNUR.KZ. Сенаторлар парламенттік оппозиция туралы заң жобасын бірауыздан мақұлдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бүгінгі отырыста сенаторлар екі заң жобасын қарастырды. Біреуі парламент комитеттерi мен комиссиялары туралы болса, екіншісі парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізуге арналды. Депутаттар екі заңды да бірауыздан қабылдады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң жобалары ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында президент ұсынған бірқатар саяси реформа аясында әзірленген


"Соған сәйкес, елімізде демократиялық үрдістерді ары қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға "парламенттік көпшілік" және "парламенттік оппозиция" енгізіліп отыр. Заңмен мәжіліске сайланатын парламенттік оппозицияның өкілеттіліктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды. Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған жаңа заңнамалық нормалар елімізде парламенттік оппозицияға кепілдік береді және Қазақстандағы кәсіби парламентаризмнің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз", - деді Әшімбаев.


Парламенттік оппозиция қалай жұмыс істейді?


Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, парламенттік оппозиция парламенттік көпшілікке енбейді. Ал саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты басқа позицияны ұстанады.
Заң жобасында парламенттік оппозицияға мынадай құқықтар беріліп отыр:

  • бір сессия ішінде кемінде бір рет мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер бойынша парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау;
  • парламенттік сессияда кемінде екі рет үкімет сағаттарының күн тәртібін белгілеу;
  • оппозиция мақұлдамайтын үкіметтік заң жобаларына альтернативті заң жобаларын енгізу.

Сонымен қатар, оппозициялық фракциялардың басшылары немесе өкілдері парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, мәжілістің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен басқа да шараларда сөз сөйлей алады.

Ал осы заңға ілеспе заң жобасы бойынша мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы тек оппозиция депутаттарының арасынан сайланады. Мәжілістің екі тұрақты комитетінің хатшыларын да парламенттік оппозиция ішінен сайлау ұсынылып отыр.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет