«Пәтердің саны мен қымбат алкоголь есептеледі»: министр сән-салтанат салығы жайлы

0
738

Салық 2024 жылы енгізілмек.


«Пәтердің саны мен қымбат алкоголь есептеледі»: министр сән-салтанат салығы жайлы

ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында сән-салтанатқа салынатын салық қандай болатынын түсіндірді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қуантыров министрлік қазақстандықтардың қанша яхта, ұшақ және қымбат автокөліктері бар екендігі туралы есеп бергенін атап өтті.

«Мысалы, адамда ауданы 50 шаршы метр болатын 10 пәтері бар дейік. Ол әрбір пәтеріне 11 мың теңге салық төлейді. Әрбір объект 10 мың теңгеден саналып, 10 нысанға жалпы 100 мың теңге (салық) салынады. Енді біздің көзқарасымыз барлық объектіні біріктіру болып тұр. Нысанның құны жоғары болса, салынатын салықтың құны соғұрлым жоғары болады. Мысалы, біз осы 10 нысанның барлығын қоссақ, онда 100 млн теңге болады. Тиісінше, салық та жоғары болмақ. Енді 10 пәтер үшін жылына салық 100 мың теңге емес, 400 мың теңгеге жуық, яғни салық 4 есе артады. Негізінен бұл – әділетті», - деді министр.

Сонымен қатар, премиум алкогольге де салық салынады.

«Біз оны мың есе арттырамыз. Мысалы 50 жылдық Macallan-7, оның құны 7 млн теңге. Қазір оған акциз – 700 теңге. Біз оны он есе арттырамыз, құнына шамамен 10% қосамыз. Сән-салтанат салығы халықтың құрылымында үлкен үлесі жоқ белгілі бір санатқа қатысты болады», - деді Әлібек Қуантыров.

Еске салсақ, Қазақстанда сән-салтанат салығын 2024 жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Ведомствода қазір сәнді заттарға салық салуды арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл акциздер мен мүлік салығы арқылы тауарлардың жекелеген санаттарына қосымша салық салу болады.