Павлодар облысында балаларын орыс сыныптарға беретіндердің саны артып келеді

0
537

1-қазақ сыныптарына оқушыларды тарту мақсатында ақпараттық үгіт-насихат тобы құрылған.


Павлодар облысында балаларын орыс сыныптарға беретіндердің саны артып келеді

ERNUR.KZ. Павлодар облысы нда балаларын орыс сыныптарға беретіндердің саны артып келеді, деп жазады Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы 3 жылда 1-сыныптарға қабылданған оқушылар саны төмендегідей: 2019 жылы 6155 бала қазақ тіліндегі, 9834 бала орыс тілінде оқитын сыныптарға барған. 2020 жылы 4735 бала қазақ тілінде, 6590 бала орыс тілінде білім беретін сыныптардың табалдырығын аттаған. Ал, 2021 жылы 5062 бала қазақ тіліндегі, 7004 бала орыс тілінде оқитын сыныптарға қабылданған.

Соның ішінде орыс сыныптарына барып жатқан қазақ балалары да бар.

- 2019 жылы – 3276, 2020 жылы – 2893, 2021 жылы – 3912 қазақ ұлтының баласы орысша білім беретін 1-сыныптарға қабылданды. Ата-аналардың көбі өздері орысша оқығандықтан балаға көмектесе алмаймыз деген қауіппен балаларын орыс сыныптарына береді, - деді басқармада.
Сондай-ақ білім басқармасы тарапынан қазақ сыныптарына балаларды көбірек тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтылды.

"Өңірімізде қазақ тілінде оқытатын мектептер желісі артып келеді. 2018 жылы Павлодар қаласындағы №7 мектеп толық қазақ тіліне көшті. №1 мектеп 2022 жылы толық қазақ тіліне ауысады. Сондай-ақ биыл облысымызда 5 мектепте қазақ сыныптары ашылды. Оған қоса, облыстағы 381 мектепке дейінгі білім беру ұйымының ішінде қазақ тілінде оқытылатындар – 255, аралас – 113, орыс тілінде оқытылатындар – 13, - деді басқармада.
Сонымен қатар, 1-қазақ сыныптарына оқушыларды тарту мақсатында ақпараттық үгіт-насихат тобы құрылған. Оның құрамына зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, БАҚ өкілдері және білім беру ұйымдарының қызметкерлері енген.


Еске салайық, облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрмановамен кездесуде өңірдің зиялы қауым өкілдері алғаш мектеп табалдырығын аттап жатқан бүлдіршіндер арасында орыс сыныптарына барып жатқан қазақ балалары көп екенін айтып дабыл қаққан болатын.