Павлодар облысында жүкті келіншек күйеуін пышақтап өлтірді

0
1 065

Оқиға орнынан қашып кеткен күдіктіні жасырынған жерінен қызметтік ит тауып берген.


Павлодар облысында жүкті келіншек күйеуін пышақтап өлтірді

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Павлодар облысындағы Тереңкөл ауылында 28 жастағы әйел азаматтық некеде тұрған жұбайын пышақтаған, деп жазады pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тереңкөл ауылында жұмыссыз әйел өзінің құрбысымен ішімдік ішкен.

"Үй иесі осы уақытта ұйықтап жатқан. Оянған соң 28 жастағы ер адам құрбысының отырғанына наразылық білдірген. Оның үстіне, әйелі жүкті болған. Ерлі-зайыптылар арасында жанжал шығып, әйел үстелден ас пышағын алып, ер адамның кеудесіне ұрған. Кейін өз іс-әрекетінен қорқып, үйден қашып кеткен. Құрбысы жедел жәрдем шақырған. Бірақ ер адам көмек келгенше қайтыс болған, - деді ПД баспасөз қызметінің өкілдері.

Оқиға орнына шыққан арнайы топтың құрамында қызметтік ит болған. Төрт аяқты полиция көмекшісі Альдо қылмыс орнынан күдіктінің иісін сезіп, ізімен шығады.

"Альдо полицейлерді әйел жасырынып жатқан жерге қатесіз әкелді. Ауыр қылмыс жасаған күдікті төрт аяқты полисменнің өткір иіс сезуінің арқасында ізін суытпай ұсталды", дейді департаменттегілер.

Айта кетейік, аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.