Павлодар облысының әкімі атпен серуендеп, тікелей эфирде сұрақтарға жауап берді

0
834

Ол павлодарлықтарды Жаңа жылмен құттықтап, Жаңа жыл мерекесін қай жерде қарсы алғанын айтты.


Павлодар облысының әкімі атпен серуендеп, тікелей эфирде сұрақтарға жауап берді

ERNUR.KZ. 1 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram желісіндегі тікелей эфирде далада атпен серуендеп, жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, деп жазады Tengrinews.kz.

Ол павлодарлықтарды Жаңа жылмен құттықтап, Жаңа жыл мерекесін қай жерде қарсы алғанын айтты.

"Жаңа жылды ата-анаммен, әкеммен, ініммен, балаларыммен, жұбайыммен қарсы алдым. Ал таңертең жұмыста болдым, Павлодарды аралап, түскі сағат үштен кейін атпен серуендеуге шықым. Ауа райы бүгін жақсы", - деді Байханов.
Павлодарлықтардың сұрағына жауап берген ол, атқа мінуді жақсы көретінін, бірақ жұмыс кестесі тығыз болғандықтан, мұндай серуендеуге уақыт табу мүмкін еместігін айтты.
"Мен жылқыны өте жақсы көремін, бала кезімнен тай үйретіп, атқа мініп өстім", - деді облыс әкімі.
Тікелей эфирде Байханов Екібастұздағы кейбір үйлер әлі де жылытылмай жатқан жағдайға тоқталды.
"Жылумен жабдықтау параметрлерін қалыпқа келтіру үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Бұл ретте біраз қиындықтар бар, біз оны жасырмаймыз және апаттан кейін жылумен жабдықтау параметрлері мен жалпы жылу жүйесі теңгерімсіз болғанын ашық айтамыз. Көпқабатты үйлердің көпшілігі мен жеке сектор жылумен қамтамасыз етілді, бірақ бізде әлі де 45-ке жуық көпқабатты үй мен 70-80-ге жуық жеке тұрғын үй мәселесі шешілген жоқ”, - деді Байханов.
Әкім журналистермен кездесуге де ашық екенін айтты.
"Мен журналистердің ешқайсысын шеттетпеймін. Кез келген диалогқа, екі жаққа да пайдалы болатын сындарлы кездесуге ашықпын", - деді ол.
Асайын Байханов өткен жылдың желтоқсан айының басында Павлодар облысының әкімі болып тағайындалған болатын. Бұған дейін 2021 жылдың шілдесінен бастап Павлодар қаласының әкімі қызметін атқарған. Асайн Байхановтың Instagram парақшасына 30 мыңнан астам қолданушы жазылған. Әкімнің айтуынша, ол өз есебін жүргізіп, қала тұрғындарының жолдауларына өзі жауап береді.