Павлодарда психоневрологиялық диспансер қызметкерлерін науқастарға қосып жіберген

0
520

Қайырымдылық қорына қарайтын емханаға психоневрологиялық диспансердегі 200-ден аса қызметкерінің жеке мәліметін берген.


Павлодарда психоневрологиялық диспансер қызметкерлерін науқастарға қосып жіберген

Павлодарда психоневрологиялық диспансер қызметкерлерін науқастар қатарына қосып жіберген, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Ең қызығы, медицина мамандары елордадағы бейімдеу орталығында жүйке жүйелерін емдеткен көрінеді. Бірақ тек құжат жүзінде.

Дәрігерлер: «Психдиспансерде жұмыстың қиын екені рас, бірақ есімізден шатасып емделетіндей жағдайға жеткен жоқпыз», - деп отыр. Онымен қоса ел астанасындағы емханаға бармақ түгілі, Павлодардан жаз бойы аттап шықпадық дейді. Енді сау адамды науқастар қатарына қосқандарды жазалау үшін құзырлы органдарға арызданған. Ақыл-есі кем адамдарды емдейтін Павлодардағы облыстық психоневрология орталығының қызмектерлері өзін жүйекесі жұқарғандар қатарынан көріп таң қалып отыр. Онымен қоса кейбірін құжатта елордадағы емханада емделіп шықты деп көрсетіпті. Медицина мамандары астанаға бармақ түгілі, облыс орталығынан шықпадық деп шыр-пыр болды.

"Мені сыртымнан жекеменшік психикалық емханаға жатқызыпты. Ол емхана туралы естіген де, көрген де емеспін. 15 күн емделді деп жазады. Мен жаз бойы жұмысымда болдым. Екі қалада бір мезетте болу мүмкін емес жағдай ғой", - дейді санитар Любовь Копошенко.

Орталық мамандарына емдеуден өту туралы хабарлама ұялы телефондарына шілде айында келіпті. Диспансердегі барлық қызметкерге жүйке жүйесі тозған деген диагнозды сырттай қойған. Мейірбикелер мен санитарлар белгісіз емхананың мұндай дерт анықтамасын беруге кім құқық бергенін білмей дал. Онымен қоса жеке мәліметтерін қалай алғанын түсінбей отыр.

"Жеке емхананың біздің жеке мәліметтерімізді еркін алып отырғаны ашуымызға тиді. Құжаттарымызды өз пайдасына жаратуға мүмкіндігі болып тұр. 15 күн бәрімізді емдеуден өткізген болса, біздің мындағы жұмысымызды кім атқарған?", - дейді мейірбике Татьяна Францева.

Мамандардың шағымынан соң олардың электронды медициналық карталарынан сырттай қойған диагнозды өшіре бастапты. Психоневрологиялық орталық бастығы өзінің осыған қатысы барын және бәрін білетінін айтады. Ең қызығы, ол қарамағындағылар елордадағы емханадан емделуді өздері сұрады деп отыр.

"Оңалтудан өтеміз деп өздері келісім беріп, көбісі құптады. Көктемде тексеру келіп, қызметкерлердің баруына мүмкіндік болмады. Мен еңбек демалысында болғанымда елордадағы емханадан ұсыныс түскен еді. Мен кәсіподақ жетекшісіне айтып, біздің қызметкерлердің тізімін беруді тапсырдым", - дейді Павлодар облысы мамандандырылған әлеуметтік көмек көрсететін психоневрологиялық орталықтың директоры, Нұрлан Абашев.

Қайырымдылық қорына қарайтын емханаға психоневрологиялық диспансердегі 200-ден аса қызметкерінің жеке мәліметін берген. Бүгінде олардың 10 шақтысы прокуратура мен антикорға арыз түсіріпті. Қазір арнайы комиссия құрылып, ішкі тексеріс жүріп жатыр.