Павлодарлық оқушы соққыға жығылды: Балалар құқығын қорғау комитеті түсінік берді

0
390

Төбелеске қатысқандардың барлығы анықталды.


Павлодарлық оқушы соққыға жығылды: Балалар құқығын қорғау комитеті түсінік берді

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодар қаласында 14 жастағы жасөспірімді ұрып-соғу оқиғасын өз бақылауына алды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Орын алған жағдайға байланысты бүгінде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аталған жағдайды толық бақылауына алды. Қазір зардап шеккен оқушы ауруханада ем алуда. Оған алдағы уақытта жан-жақты көмек көрсетіледі. Тіркелген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілердің барлығы жазаға тартылады. Балалар арасындағы қатыгездіктің алдын алу мақсатында өңірлерге білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын күшейтіп, балаларды қосымша біліммен 100% қамту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды», - делінген хабарламада.

24 шілде күні кешкі сағат 20:30-да Павлодар көшелерінің бірінде төбелес болған. 14 жастағы жасөспірім зардап шекті, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, төбелеске қатысқандардың барлығы анықталды.

«Оқиғаның барлық қатысушылары анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді департаменттен.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жасөспірімнің жағдайы – орташа ауыр.

«Оған «жабық бассүйек-ми жарақаты» диагнозы қойылды. Сондай-ақ беті, басы, арқасы, кеудесі жарақаттанған», – деді басқармадан.