Петропавлда қылмыс жасап, 7 жыл іздеуде жүрген 61 жастағы әйел ұсталды

0
771

Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.


Петропавлда қылмыс жасап, 7 жыл іздеуде жүрген 61 жастағы әйел ұсталды

ERNUR.KZ. Петропавлда есірткіге қатысты қылмыс жасады деген күдікпен 7 жыл бойы іздеуде болған 61 жастағы әйел ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөліміне 2013 жылдан бері іздеуде жүрген әйелге қатысты жедел ақпарат түседі. Тәртіп сақшылары бірден көрсетілген мекенжайға аттанып, есірткі қылмысына күдіктіні Жұмысшы кентіндегі үйлердің бірінен ұстады.

2012 жылы Петропавлда полицейлер героин сатумен айналысқан облыс орталығының тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергейді. Тергеу барысында есірткі қылмысына оның анасы – 1959 жылы туған әйелдің қатысы болуы мүмкіндігі анықталады. Алайда, ол жолы тәртіп сақшылары әйелді таппай, орнын сипап қалған еді. Соңғы сегіз жыл бойы оның қайда жүргені белгісіз болды.


«Әйел қылмыстық жауапкершіліктен кету үшін 2012 жылы Қостанайдағы туыстарына қашқан. Петропавлға қайтып келгеніне 4 жыл болыпты. Осы аралықта Жұмысшы кентіндегі туысының үйін жағалаған. Полицейлердің көзіне түспеу үшін ешқайда шықпай, тығылып отырған. Танысында жұмысы болып, сонымен кездеспек болған қашқынды тәртіп сақшылары ұстады», - дейді Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жасұлан Балдиков.


Қазір әйел уақытша ұстау изоляторында отыр, күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.