Петропавлда мұғалімдерге баспана сертификаттары берілетін болды

0
644

2021 жылы қалада тұратын білім саласының қызметкерлеріне баспана сертификаттарын беру үшін бюджеттен 250 млн тг бөлінген.


Петропавлда мұғалімдерге баспана сертификаттары берілетін болды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында өткен дәстүрлі тамыз конференциясында келер жылдан бастап ұсаздарға тұрғын үй сертификаты берілетіндігі айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО-да білім саласына бөлінетін қаражат мөлшері жылдан-жылға артып келеді. Биыл республикалық қазынадан 87 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 % артық және облыс бюджетінің 30 % құрайды. Нәтижесінде 249 білім беру ошағы күрделі жөндеуден өтіп, 231 мектептің жиһазы жаңаланды.

Қоғамда ұстазға деген көзқарас та өзгеріп келеді. Биыл мектеп тәмамдаған 377 түлек мұғалім болуға шешім қабылдады. Олардың 60 пайызы мемлекеттік грантқа ие болды. Ал келер жылдан бастап облыс орталығында тұратын ұстаздарға тұрғын үй сертификаттары беріле бастамақ. Жағымды жаңалықты облыс әкімі Құмар Ақсақалов жеткізді.

«2021 жылы қалада тұратын білім саласының қызметкерлеріне баспана сертификаттарын беру үшін бюджеттен 250 млн тг бөлінеді. Бір мұғалім 1 млн тг ала алады», - деді Құмар Ақсақалов.

Тамыз конференциясында өз саласының үздіктері де елеусіз қалмады. Оларға «Білім саласының үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» және «Мағжан Жұмабаев» атындағы төс белгілер табысталды.

Айта кетейік, бүгінде СҚО-да 477 білім ордасы мен 487 мектепке дейінгі мекеме бар. Жаңа оқу жылында 8,5 мыңға жуық бүлдіршін 1-ші сыныпқа барады.