Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер қандай сомаға баспана ала алады

0
226

Қазір зардап шеккендердің басым бөлігі жатақханаларға орналастырылған.


Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендер қандай сомаға баспана ала алады

ERNUR.KZ. Петропавлда бірер күнде су тасқынының екінші толқыны басталады. Бірақ мамандардың болжамынша, бұл жолы оның қарқыны төмен, қатты жайылмайды. Сол себепті қазір суы тартылған аумақтардағы тұрғын үйлерге аз уақыт ішінде техникалық зерттеу жүргізу міндеті тұр, деп жазады inform.kz.

Облыстық әкімдікте өткен жиында тасқынның зардабымен күресу жолдары айтылды. Бірінші кезекте үйінен айырылғандарды баспанамен қамту мәселесі тұр. Петропавлда 2 мыңға жуық тұрғын үй су астында қалды. Соның жартысынан астамы Ойқала ауданы тұрғындарының баспаналары. Облыс тұрғындарына біржолғы төлемге 700 млн астам теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 957 адам тиесілі көмекті алды. Қалғандары апта соңына дейін алмақ.

«Қазір Ойқала ауданында 12 жеке тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізілді. Тұрғын үй қорынан 2 және 3 бөлмелік 18 пәтер дайындалды. Коммерциялық тұрғын үйлерден 197 пәтерлік пул құрылды. Құрылыс компанияларымен меморандум жасалды. Пәтер бағасы шамамен 22 млн теңгеден аспауы тиіс. 72 пәтерлік тоғыз қабатты үйдің жобалық-сметалық құжаты әзір. Оның бір шаршы метрі 320 мың теңге болмақ. Тағы 5 бес үй салу жоспарда бар. Петропавлдағы риэлторлармен де келістік. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлер салу үшін Солнечный кентінен 100 жер учаскесі бөлінді», – деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі алдағы екі-үш айдың ішінде үйсіз қалған адамдардың баспана мәселесін шешу міндетін қойды. Қазір зардап шеккендердің басым бөлігі жатақханаларға орналастырылған.

Бұған дейін тасқынның салдарын жоюға және жөндеуге келмейтін үйлерді бұзуға өңірде 100-ден астам механикалық бригада құрылатынын айтқан едік.